2025 жылғы 30 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаев Түрікменстан Елшілігі мен Қырғызстан СІМ жанындағы Қ. Диканбаев атындағы Дипломатиялық академия ұйымдастырған "Бейбітшілік және сенім: іс-әрекеттегі ынтымақтастық дипломатиясы" халықаралық конференциясына қатысты.
Бұл іс-шара БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен қолдау тапқан халықаралық бейбітшілік және сенім жылы аясында ұйымдастырылып, Түркіменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына орайластырылды.
Іс-шарада Дипакадемия ректоры А.Кылычев, Қырғызстандағы БҰҰ жүйесінің тұрақты үйлестірушісі А.Граве, Түрікменстан Елшісі Н. Голлиев, Қазақстан елшісі Р. Жошыбаев, Тәжікстан елшісі А. Назирмад, Швейцария елшісі С. Мессерли, Өзбекстан елшісі С. Ниязходжаев, Қырғызстан СІМ өкілі А. Аданбаев және әлемдік саясат институтының директоры Ш. Бақтығұлов баяндама жасады.
Қазақстан елшісі Р.Жошыбаев өз сөзінде тұрақты бейтараптықтың отыз жылдығы Түркіменстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін де тарихи маңызы бар екенін атап өтті. "Егер Түрікменстан бейтараптықты сыртқы саясаттың негізі ретінде бекітсе, ал Қазақстан тәуелсіздік бастауында ядролық қарусыздану саясатын таңдады. Бұл екі қадам біздің елдеріміздің жаһандық қауіпсіздікке қосқан жауапты үлесінің үндес мысалдары болды", - деп атап өтті дипломат. "Бүгінде біздің елдеріміз өңірлік ынтымақтастық дипломатиясының дамуына практикалық үлес қосуда. Бұл - Орталық Азиядағы тату көршілік қатынастарды нығайту, Каспий ынтымақтастығы мен Халықаралық Аралды құтқару қоры аясындағы өзара іс-қимыл, Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттары бойынша бірлескен энергетикалық және көлік жобаларын ілгерілету. Мұның бәрі біздің өңірді тұрақтылық пен перспективалық даму кеңістігіне айналдырады", - деп мәлімдеді Елші.