Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту

Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту

2025 жылғы 10 қыркүйек, Бішкек қаласы – Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпил Жошыбаев Қырғыз Республикасындағы Француз Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Николя Файмен кездесу өткізді.

Дипломаттар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға жақында жасаған ресми сапарының қорытындыларын талқылап, сауда-экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастық жөнінде қол жеткізілген келісімдерді атап өтті.

Француз дипломаты Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлінің нығаюын, 8 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған елдің жаңа бағыттарын және цифрландыру, су ресурстары, экология, теміржол көлігі мен өңірдің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту салаларындағы ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

 

Николя Файға екі ел шекарасында Индустриялық Сауда-Логистикалық Кешеннің құрылысы, «Алматы – Чолпон-Ата» жаңа балама автожолының салынуы, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерімен бірлесіп Нарын өзенінде Қамбар-Ата-1 ГЭС-ін салу, сондай-ақ екі ел шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту сияқты Қырғызстанда жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалардың барысы туралы ақпарат берілді.

Тараптар стратегиялық әріптестік қатынастарды нығайтудың, өңірде өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге және кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асырудың, сондай-ақ өңірге француз инвестицияларын тартудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу жылы әрі достық атмосферада өтті. Әңгімелесушілер жұмыс байланыстарын қолдап, екі ел үшін өзекті мәселелер бойынша ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.