2025 жылғы 20 маусымда Бішкекте Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рапиль Жошыбаевтың Азия даму банкінің Орталық және Батыс Азия бойынша өңірлік департаментінің Бас директоры Евгений Жуковпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, атап айтқанда, «Алматы – Бішкек экономикалық дәлізі» (АБЭД) жобасын іске асыру барысын талқылады. Бұл жоба аясында «Алматы–Чолпон-Ата» баламалы автожолын салу қарастырылған.
Жаңа автожол Алматыдан Ыстықкөлге дейінгі жолды екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді, бұл Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы жүк және туристік ағынның артуына сеп болады, сондай-ақ жалпы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кеңеюіне жағдай жасайды.
Е.Жуков Елшіні аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, қаржыландыру шарттары мен ұсынылып отырған техникалық параметрлер жөніндегі банк жүргізіп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Өз кезегінде, Р. Жошыбаев Қырғызстанның оңтүстік аймақтарынан (Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстары) Ыстықкөлге, Балықчыға шығатын автожол құрылысының аяқталуына байланысты, жаңа бағыт арқылы тез бұзылатын өнімдерді (көкөністер, жемістер, жидектер, көк шөптер) шағын жүк көліктерімен тасымалдау мүмкіндігін қарастыру қажет екенін атап өтті. Бұл қырғыз ауылшаруашылық өнімдерін Алматы мен Қазақстанның басқа қалаларына жеткізушілер үшін қолайлы жағдай жасайды.
Жаңа автожол жобасы аясында сондай-ақ Кемин қаласы маңында заманауи шекаралық бақылау-өткізу бекетін және туристер мен спортшылар үшін жол бойындағы инфрақұрылымды салу жоспарланып отыр.
Елші автожол жобасымен қатар, қырғыз тарапымен Алматы облысында, Бішкек–Алматы автожолының бойында, жаңа автожол мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанының түйіскен жерінде көтерме-бөлшек сауда орталығын (КБО) бірлесіп салу жобасы пысықталып жатқанын жеткізді. Жоба тең қаржыландыру негізінде Ұзынағаш қаласына жақын жерде іске асырылады деп күтілуде.
Тараптар сондай-ақ АБЭД аясындағы басқа жобаларды ілгерілету, Алматы мен Бішкек арасындағы бірыңғай экономикалық кеңістікті құру мәселелерін талқылады және оларды сапалы әрі уақтылы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.