Базель, 2025 жылғы 9 мамыр — Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Швейцариядағы Қазақстанның Елшісі Қайрат Саржанов пен Елшілік қызметкерлері Базель қаласындағы Германия шекарасына жақын орналасқан «Хёрнли» зиратындағы кеңес жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
1966 жылы орнатылып, 2008 жылы жаңартылған бұл ескерткіш Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Швейцарияда қаза тапқан 23 кеңес жауынгері мен әскери тұтқынның құрметіне арналып, олардың ерлігіне арналған елдегі жалғыз мемориал болып табылады.
Рәсімге ТМД елдерінің дипломатиялық корпусының өкілдері, аталған мемлекеттердің азаматтары, сондай-ақ Базель қаласының тұрғындары қатысты.
Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар аясында Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігі бұған дейін Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві ұсынған бірегей фотоматериалдарға негізделген онлайн-көрме ұйымдастырды. Бұл көрме швейцариялық көрермендерді Қазақстанның Ұлы Отан соғысына қатысу ауқымымен таныстырды.