Аймақтық байланыстарды кеңейту Қазақстан-Швейцария қатынастарының назарында

Аймақтық байланыстарды кеңейту Қазақстан-Швейцария қатынастарының назарында

Делемон, 2025 жылғы 21 ақпан – Юра кантонына жоспарлы сапары барысында Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Қайрат Саржанов кантондық үкімет мүшесі, Экономика және денсаулық сақтау министрі Штефан Терилатпен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Пьер-Алаин Берретпен кездесті.

Кездесулер аясында Қ.Саржанов сұхбаттасушыларды Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етті, 2024 жылдағы мемлекет дамуының негізгі қорытындыларын белгіледі. Дипломат Қазақстан мен Швейцария арасындағы саяси диалогтың белсенділігі мен сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың динамикасын атап өтіп, сыртқы сауданың көрсеткіштеріне назар аударды – 2024 жылдың нәтижесінде 1,7 млрд.доллар, оның 1,2 млрд. доллары қазақстандық мұнай мен металл экспортына тиесілі. Өз кезегінде Швейцария импортының негізгі тауарлары сағат, фармацевтика және химия өнеркәсібінің өнімдері болып табылады. Қазақстан экономикасына швейцариялық инвестициялардың жиынтық көлемі 35 млрд. доллардан асты.

Кантон өкілдері өңірлік өзара іс-қимыл мен экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде ғылыми-зерттеу және кәсіптік институттар, қолданбалы зерттеулер және техникалық кадрларды даярлау саласында, мүдделілік білдірді, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша тәжірибе алмасуды ұсынды. Юра кантонында 100-ден астам сағат өндіріс компаниялары шоғырланған, олардың арасында Swatch Group, Richemont, LVMH, Victorinox және т.б. «Basel Area» ірі экономикалық аймағының бөлігі болып табылатын жергілікті кәсіпорындар медициналық техника өндірісі, жоғары дәлдіктегі машина жасау, IT және өнеркәсіптік химия саласында да белсенді.

Елші қазақстандық экономиканың басым бағыттарындағы инвестициялық мүмкіндіктер туралы айтып, сұхбаттасушыларды Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.