Қазақстандық оқушылар Женевада робототехникадан өткен жарыста рекорд орнатты

Қазақстандық оқушылар Женевада робототехникадан өткен жарыста рекорд орнатты

2022 жылғы 13–16 қазан аралығында, Женева – Оқушылар арасында робототехника бойынша «FIRST GLOBAL CHALLENGE» халықаралық жарысы өтті. Жарыс көмірқышқыл газымен күресі аясында өтті. Қазақстандық оқушылар әлем жарысында жеңіске жетіп, рекорд орнатты. Біздің оқушылар 167 елдің жасөспірімдерімен сынға түсіп, ең көп ұпай жинады. Бұл робототехника чемпионаты - әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі. Жеңіс оқушыларға әлемнің жетекші университеттеріне түсуге мүмкіндік береді.

Еліміздің намысын ұлттық құрама атынан 15 пен 17 жас аралығындағы 5 оқушы қорғады. Олардың барлығы «FIRST Global Challenge» ұлттық турнирінің жеңімпаздары. Оқушыларымыз 3 күн ішінде 16 ойын өткізіп, ешқайсысынан жеңілмей, ұпай саны бойынша рекорд орнатты. Чемпионаттағы бірінші орыннан бөлек, қазақстандық команда басқа елдердің командаларына көрсеткен «Айрықша қолдауы үшін» Al-Khwarizmi алтын медалін, сондай-ақ роботты жасаудағы тамаша инженерлік шешімдері үшін JUDGES AWARD арнайы сыйлығын жеңіп алды.

Сонымен бірге, жарыстың барысында қатысушылар мен келушілерді Қазақстанның мәдениетімен таныстыру үшін, көрме ұйымдастырылды. Қазақ, ағылшын және француз тілдеріндегі кітаптар ұсынылды. Басқа елдердің қатысушыларына Қазақстанның ұлттық тағамдары ұсынылды, сондай-ақ Кәдесый өнімдері табысталды.