Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Дипломатиялық қызмет күніне орай құттықтауы

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Дипломатиялық қызмет күніне орай құттықтауы

Құрметті дипломат әріптестер!

Кәсіби мерекеміз – Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызмет күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Биыл біз тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтудеміз. Көптеген өзге  салалардың мамандарымен қатар отандық дипломаттар да егеменді мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосып келеді.

Қазақстан бүгінде халықаралық қоғамдастықтың беделді әрі тең құқықты мүшесі, ядролық қарусыздану мен таратпау саласының көшбасшысы, экономикалық интеграция процестерінің жауапты қатысушысы, дінаралық және мәдениетаралық диалогтың белсенді жақтаушысы.

Ұлттық мүдделерімізді әлемдік аренада дәйекті түрде қорғай келе, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған көпвекторлы сыртқы саяси бағытты іске асыруды жалғастырудамыз.

Тәуелсіздігіміздің қалыптасуы мен нығаюы жылдарындағы отандық дипломатияның маңызды жетістіктерінің бірі мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау болды. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою теңіздегі шекарамызды да айқындауға мүмкіндік берді. Барлық іргелес елдермен шынайы достық, әріптестік және тату көршілік қарым-қатынастар орната білдік.

Сыртқы істер министрлігі жүйесінің қызметкерлері күн сайын азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Экспорттық тауарларымызды ілгерілетіп, шетелдік инвестициялар тартады. Төл мәдениетімізді насихаттап, еліміздің көрікті жерлерін әлемге танымал етіп, туристерді шақырады.

Қазіргі күрделі халықаралық жағдай мен әлемдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескерсек біз таңдаған мамандық жаңа құндылық пен жауапкершілікке ие болуда.

COVID-19 пандемиясының басынан бастап Қазақстанның дипломатиялық қызметі осы жаһандық сын-тегеурінге қарсы күреске белсене атсалысуда. Қауіпті вирусқа қарсы күресте халықаралық ынтымақтасудың талай көріністеріне куә болдық. Қажет болған жағдайда жақын және алыс көршілерімізге, серіктестеріміз бен достарымызға қол ұшымызды созып, қолдау көрсете білеміз. Сонымен қатар, 2020 жылы СІМ әлемнің 72 елінен 33 мыңнан астам азаматтарымыздың Отанына аман-есен оралуына жәрдем көрсеткенін де атап өткен жөн.

Отандық дипломатияның табыстары мен жеңістері ұрпақтар сабақтастығынсыз мүмкін болмас еді. Осы орайда Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің қалыптасуы мен нығаюына баға жетпес үлес қосқан құрметті ардагерлерімізге шын жүректен алғыс айтқым келеді.

Қазақстандық дипломаттардың жас буынына да үлкен үміт артамыз. Олар біздің халықаралық серіктестерімізбен достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуды жалғастырулары тиіс.

Қымбатты әріптестер, бүгін барлығыңызға, ортақ ісімізге берілгендігіңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.

Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, елге қызмет етуде толайым табыс тілеймін!