«Novartis» компаниясы Қазақстанға шақырылды

«Novartis» компаниясы Қазақстанға шақырылды

Базель (Швейцария), 2021 жылғы 19 сәуір – Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Әлібек Бақаев «Novartis» компаниясының Бас аймақтық менеджері Аллесандро Чирринсионемен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен компания арасындағы инвестиция саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқыға салды. «Novartis» өкілдері ҚР фармацевтикалық және медициналық өнеркәсібін дамыту бойынша 2020 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының кейбір аспектілерімен танысып, бұл жоспарды инвесторлар ретінде жүзеге асыруға шақырылды.

Сонымен қатар, тараптар қымбат тұратын «ZolgenSMA» препаратын жұлын бұлшықетінің атрофиясынан зардап шеккен қазақстандық балаларға көмек көрсету үшін төмен бағамен ұсыну мүмкіндігін қарастырды.

Бұдан басқа, тараптар аурулардың диагностикасы саласында білім трансферін және тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету мақсатында «Novartis» компаниясының жетекші зертханаларында қазақстандық мамандар үшін арнайы тағылымдамаларды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға келісті.

«Novartis» – бас-пәтері Швейцарияда орналасқан әлемдегі ең ірі фармацевтикалық трансұлттық компаниялардың бірі. Бүгінгі таңда компания инновациялық препараттардың, рецептсіз берілетін дәрілік заттардың, вакциналар мен диагностикалық тест-жүйелердің өндірісі бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі.