Қазақстан мен Швейцария арасындағы консулдық консультациялар туралы

Қазақстан мен Швейцария арасындағы консулдық консультациялар туралы

Нұр-Сұлтан - Берн, 2021 жылдың 11 ақпаны - Консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету шеңберінде бейнеконференция тәртібінде екі елдің әділет министрліктерінің өкілдері мен дипломатиялық өкілдіктері басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Швейцария арасындағы консулдық консультациялардың бірінші отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Бауыржан Ақатаев, ал швейцариялық тарапты Федералдық сыртқы істер департаменті Бас директорының орынбасары Лоран Перриар басқарды.

Швейцария Мемлекеттік Хатшысының орынбасары – Федералдық Сыртқы істер департаменті Консулдық директоратының Бас директоры Иоханнес Матияши өзінің құттықтау сөзінде COVID-19 індетінің қиын  кезінде осындай консультациялардың ұйымдастырылуын тараптардың достық қарым-қатынастарының ілгерілемелі дамуына нақты үлес деп атады. 

Келіссөздер барысында 1963 жылы жасалған Консулдық қарым-қатынастар туралы Вена конвенциясы шегінде консулдық әрекеттестік мәселелері, екіжақты шарт-құқықтық базаны кеңейту және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде заманауи сандық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды.

Келіссөздердің түйінді тармақтары ретінде коронавирус індеті кезінде ерекше өзекті азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша өзара ықпалдастықты жандандыру сауалдары, консулдық-құқықтық саладағы заңды құжаттар ресімдеу мен апостильдеу мәселелері қарастырылды.

Кездесуге қатысушылар мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру саласында қабылданған шаралары, яғни азаматтар өтініш білдірген жағдайда қағаз жүзіндегі процедуралардан кезең-кезеңмен бас тарту, сондай-ақ нормативтік-құқықтық базаға сәйкестендіру шаралары туралы ақпаратпен алмасты. Швейцарияның цифрландыру саласындағы жетістіктерін ескере отырып, осы салаға арналған бірлескен тренингтер және семинарлар  ұйымдастырудың алғышарттары талқыланды.

Іс-шара нәтижесі бойынша тараптар консулдық байланыстардың барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындығын растады.