Швейцариядағы Наурыз мейрамы: мәдени байланыстарды нығайту және отандастар бірлігін арттыру

Швейцариядағы Наурыз мейрамы: мәдени байланыстарды нығайту және отандастар бірлігін арттыру

Берн, 21 наурыз – Наурыз мерекесіне орай Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігі «Бірлік» Қазақстан-Швейцария қауымдастығымен бірлесіп, Швейцарияның түрлі кантондарында тұратын қазақ диаспорасы өкілдері мен отандастардың басын қосқан мерекелік іс-шара ұйымдастырды.

Өзінің құттықтау сөзінде Елші Қайрат Саржанов Наурыздың жаңару, бірлік пен жасампаздықтың символы ретіндегі маңызын атап өтіп, оның қоғамдағы келісім, сабақтастық және тұрақты даму құндылықтарын бейнелейтінін жеткізді. Жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануына ерекше назар аударылып, бұл қадам мемлекеттің құқықтық жүйесін одан әрі нығайтуда, демократиялық институттарды дамытуда және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтуде маңызды рөл атқарғаны айтылды.

Елші шетелде мәдени бірегейлікті сақтау, ұлттық дәстүрлер мен ана тіліне құрмет отандастарды біріктіретін маңызды факторы ретінде атап өтті. Осы тұрғыда «Бірлік» қауымдастығының қазақ диаспорасы арасындағы байланыстарды нығайтудағы, ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді сақтаудағы маңызды рөліне ерекше назар аударылды.

Іс-шара барысында Халықаралық түркітілдес мұғалімдер қауымдастығы шетелдегі отандастар арасында қазақ тілін насихаттау жөніндегі бастамаларын таныстырды. Атап айтқанда, «Тәтті ертегі» мәдени-білім беру жобасы аясында «Шахматшы қонжық» атты балалар кітабының тұсаукесері өтті.

Мерекелік бағдарлама қазақ мәдениетінің байлығын көрсететін ұлттық музыка, әндер мен билерден тұратын концерттік қойылымдарды қамтыды. Қонақтар интерактивті ойындарға қатысып, ұлттық тағамдар ұсынылған дастархан басында қазақтың қонақжайлылық дәстүрімен танысты.

Іс-шара мәдени байланыстар мен ұлтаралық диалогты нығайтудың маңызды алаңына айналып, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Бұл өз кезегінде мәдени бірегейлік пен бірлікті сақтаудың маңыздылығын тағы да дәлелдеді.