
Берн, 2025 жылғы 1 желтоқсан – Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының қолдауымен Әзербайжан Ұлттық кілем музейінің директоры Амина Меликова мен маман Илаха Бехбудова Берн тарихи музейінде сақталған белгілі швейцариялық дипломат және саяхатшы Анри Мозердің коллекциясындағы XIX ғасырдағы қазақтың жібек және барқыт тұскілемдерін бағалау жұмысын жүргізді.
XIX ғасырда А.Мозерге қазақ ханы Баймұхаммед сыйға тартқан бұл тұскілемдер Қазақ хандығының көркемдік дәстүрлерінің құнды үлгісі болып табылады және көшпелі халықтың тарихын, мәдениетін және қоғамдық-саяси құрылымын зерттеу үшін маңызды дереккөз саналады.
Жұмыс барысында мамандар тұскілемдердің жай-күйіне егжей-тегжейлі талдау жасап, Берн тарихи музейінің басшылығымен реставрация жұмыстарын жүргізу мүмкіндіктерін, сондай-ақ бұл бірегей экспонаттарды Қазақстанды қоса алғанда, өзге елдерде көрсету перспективаларын талқылады.