Қазақстан мен Швейцарияның қаржылық барлау қызметтері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Швейцарияның қаржылық барлау қызметтері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Берн, 16 қазан 14-16 қазанда Қаржы мониторингі агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы қаржылық барлауды дамытуға арналған Берндегі халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шара Швейцарияның қаржылық барлау қызметінің қолғабысымен ECOFEL (Еуропалық қаржылық барлау бөлімшелерінің желісі) аясында өтті. Негізгі тақырыптар арасында жасанды интеллектті енгізу, деректерді қорғау және цифрлық дәуірдегі қаржылық барлаудың рөлі талқыланды.

Конференция қорытындысы бойынша Агенттік төрағасы Жанат Элиманов пен Швейцарияның Қаржылық барлау қызметінің басшысы Антон Бренниман Қазақстанның Қаржы мониторингі агенттігі мен Швейцарияның Қаржылық барлау қызметі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат кірістерді жылыстатуға, терроризмді қаржыландыруға және осындай қылмыстарға байланысты қаржылық барлау ақпаратымен алмасу саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуды көздейді. Тараптар күдікті операциялар туралы ақпарат алмасуды кеңейтуге және талдамалық жұмысты үйлестіруге келісті.

Сондай-ақ, Қазақстан делегациясының Швейцария прокуратура және полициясы өкілдерімен жеке кездесулері өтті, олардың барысында келісімді іске асырудың практикалық аспектілері, оның ішінде активтерді қайтару, құқықтық көмек және қатарлас тергеу жүргізу қаралды.

Швейцариялық тарап криптовалюталар пайдалынған құқық бұзушылықтарды анықтауды қоса алғанда, Қазақстанның қаржы мониторингі саласындағы ілгерілеуіне оң баға берді, сонымен қатар, сарапшылармен алмасуды жалғастыру және тұрақты консультациялар өткізу арқылы одан әрі ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.