2025 жылғы 25 маусым, Женева — Қазақстан Республикасының Швейцариядағы Елшілігінің кеңесшісі, Бас прокуратураның өкілі Б.Құрманов БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 59-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Женевадағы БҰҰ бөлімшесі және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі ұйымдастырған «Сотталғандар құқығын қорғау» тақырыбындағы жанама іс-шарада баяндама жасады.
Іс-шараны ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі С. Василенко жүргізді. Сонымен қатар, баяндамалармен ҚР Ішкі істер вице-министрі С. Әділов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі А. Амангелдиев және ҚР Әділет министрінің инклюзия жөніндегі кеңесшісі Л. Қалтаева сөз сөйледі.
Талқылау барысында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан негізгі реформалар айтылды: пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту, пробациялық бақылауды дамыту, азаптауға қарсы шаралар, цифрлық бақылау технологияларын енгізу, БҰҰ стандарттарын қолдану, ұстау жағдайларын жақсарту, азаматтық қоғам өкілдерін тарту және т.б.
Өз сөзінде Б.Құрманов Қазақстанның халықаралық құқықтық рейтингтердегі оң өзгерістерін атап өтіп, ұсталған адамдармен заңды түрде жұмыс істеуде прокуратураның маңызды рөлін ерекше атап көрсетті.