Берлин, 2025 ж. 9 мамыр - Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов ТМД елдерінің дипломатиялық миссияларының басшыларымен бірге Берлиндегі Трептов саябағындағы «Азат етуші жауынгерге» және Кеңес Одағында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Екінші дүниежүзілік соғыс пен Ұлы Жеңіс – Қазақстан тарихының ерекше беттері. Ол кезде Кеңес Одағының құрамында болған еліміз бүкіл әлемді шарпыған соғыстың шетінде қалған жоқ. Қазақстандықтар Отан соғысы майдандарында, жау тылындағы партизандар қатарында, Еуропа елдеріндегі Қарсыласу қозғалысында ерлік пен қаһармандықтың қайталанбас үлгісін көрсетті.