Шаңырақ астындағы мәдениеттер диалогы: Гумбольдт және Қазақстан

Шаңырақ астындағы мәдениеттер диалогы: Гумбольдт және Қазақстан

Берлин, 2025 жылғы 29 сәуір – Бүгін Берлинде «Шаңырақ астындағы кездесу» жобасы аясында «Александр фон Гумбольдтың Қазақстанға сапары» тақырыбына арналған төртінші кездесу өтті. Шараға тарих, ғылым және мәдениетаралық диалогқа қызығушылық танытқан ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысты.

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов өз сөзінде аймақтың, оның ішінде Қазақстанның рөлі, әсіресе халықаралық қауымдастықтың назары ауған уақытта Александр фон Гумбольдтың Орталық Азияға ғылыми сапары тақырыбының ерекше өзектілігін атап өтті.

Қазақстанға деген қызығушылық жаңа құбылыс емес: біздің еліміз әрқашан зерттеушілердің, саяхатшылардың және саясаткерлердің назарына ие, деді дипломат. Өз заманынының ең ұлы әмбебап ғалымдардың бірі Александр фон Гумбольдт бұл қатарда ерекше орында тұр. Оның 1829 жылы Орталық Азияға жасаған экспедициясы еуропалық ғылым тарихында елеулі кезең болып, қазақ жерінің географиялық және табиғи байлығы туралы түсініктерді қалыптастыруда маңызды рөл атқарды. Гумбольдты аймақтың ландшафты, климаты және геологиялық әртүрлілігі қызықтырды. Оның экспедициясының нәтижесі әлі күнге дейін ғылыми әдебиеттің классикасы болып саналатын «Орталық Азия: тау қырқарларын зерттеу және салыстырмалы климатология» монументалды еңбегі болды.

Іс-шараның негізгі бөлігіне белгілі неміс сарапшыларының баяндамалары кірді. Потсдам университеті жанындағы Романтика институтының профессоры, доктор Оттмар Этте ерте жаһандық ойлаудың үлгісі ретінде оның көзқарасына назар аудара отырып, Александр фон Гумбольдт мұрасының философиялық және ғылыми мәнмәтінімен таныстырды. Ол Гумбольдт ғылымға пәнаралық және экологиялық көзқарастың негізін қалағаның айтты. Профессор Этте неміс ғалымының қазіргі Қазақстан аумағы арқылы жасаған саяхатына ерекше назар аударып, Гумбольдттың Орталық Азия табиғаты, мәдениеті мен халықтарының тұрмысы туралы зерттеулерінің маңыздылығын атап өтті.

Берлиннің Табиғат тарихы мұражайының және Лейбництің эволюция және биоәртүрлілік институтының өкілі доктор Фердинанд Дамашун Гумбольдтың Орталық Азиядағы геологиялық және климатологиялық зерттеулеріне қосқан үлесі туралы айтып, оның табиғи үдерістерге жаңашыл көзқарасын ерекше атап өтті.

Өз кезегінде, Берлиннің Мемлекеттік кітапханасының ирантану, түркология және Орталық Азия бойынша сарапшысы, доктор Роза Туляшева Гумбольдт еңбектеріндегі қазақ мәдениетін түсінуге арналған сирек мұрағат материалдарымен бөлісіп, оның жергілікті дәстүрлер мен өңір халықтарының тұрмыс-тіршілігіне деген терең құрметін ерекше атап өтті.

Іс-шара аясында болған қызу пікірталас және сұрақ-жауап сессиясы барысында қатысушылар Александр фон Гумбольдт мұрасының заманауи ғылыми және мәдениетаралық диалог үшін маңызын атап өтті.

Анықтама: Александр фон Гумбольдт (1769-1859) – көрнекті неміс табиғат зерттеушісі, географы және саяхатшысы, қазіргі физикалық география мен экологияның негізін қалаушыларының бірі. 1799-1804 жылдары ол қазіргі Венесуэла, Колумбия, Перу, Эквадор, Куба және Мексика аумақтарын аралап, Латын Америкасына ауқымды ғылыми экспедиция жасады. Ол өзінің саяхатында осы аймақтардың табиғаты, климаты, геологиясы мен мәдениеті туралы мол деректер жинады.

1829 жылы император Николай I-нің шақыруымен Гумбольдт Ресей империясы бойынша Санкт-Петербург, Орал, Сібір және қазіргі Қазақстанның солтүстік-шығыс аймақтары, соның ішінде Семей және Алтай төңірегі арқылы өткен экспедицияға аттанды. Оның еңбектері жаратылыстану ғылымдарының дамуына орасан зор ықпал етіп, көптеген ғалымдарды шабыттандырды.