Мюнхен, 2025 жылғы 3 сәуір – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған қазақстандық делегацияның Германияға сапары осы ретте Бавария федералдық жерінің астанасына барумен жалғасты.
Сапар аясында Р.Скляр Баварияның Премьер-Министрінің орынбасары, экономика, өңірлік даму және энергетика министрі Хуберт Айвангермен және халықаралық ынтымақтастық пен Еуропа мәселелері жөніндегі министрі Эрик Байсвенгермен кездесулер өткізді.
Бавария жергілікті үкіметінің ғимаратында өткен Э.Байсвенгермен кездесуде Қазақстан мен Бавария үкіметтері арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде, Э.Байсвенгер Баварияның Қазақстанмен жан-жақты іскерлік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге жоғары қызығушылық танытатынын атап өтіп, тиісті бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.
Х.Айвангермен кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Бавария арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың жағдайы туралы пікір алмасып, одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
Х.Айвангер Қазақстанның қарқынды дамуын және оның экономикасын әртараптандырудағы жетістіктерін атап өтіп, бұл Бавария компаниялары үшін жақсы мүмкіндіктер ұсынатынын айтты. Атап айтқанда, Қазақстан мен Бавария экономикасының өзара толықтыратынына назар аударылып, бұл бизнес үшін өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға жоғары қызығушылық туғызатыны айтылды.
Осы тұрғыда маңызды қадам ретінде 2025 жылдың мамыр айының соңында Шымкент-Мюнхен тікелей әуе рейсінің іске қосылуы күтілуде.
Сонымен қатар, Р.Скляр мен Х.Айвангер осы күні өткен «дөңгелек үстелде» баяндама жасап, «Қазақстан-Бавария бизнес-диалогы: Қазақстан өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық технологиялар мен логистика саласындағы серіктес ретінде» тақырыбында пікір алмасты.
Іс-шараға Баварияның шамамен 70 кәсіпорнының басшылары қатысты. Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту тәжірибесімен және елдегі қаржылық әрі іскерлік мүмкіндіктер туралы пікірлерімен Horsch, Linde Gas AG және Rhenus сияқты компаниялардың өкілдері бөлісті.
Өз сөзінде Х.Айвангер Баварияның Қазақстанмен тығыз экономикалық байланыстарын жоғары бағалады. Оның айтуынша, Қазақстан бүгінгі таңда Баварияның ТМД және Орталық Азия елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі болып табылады.
Р.Скляр сондай-ақ «дөңгелек үстелдің» тең ұйымдастырушысы болған «Бавария экономикасы одағы» іскерлік қауымдастығының төрағасы Бертрам Броссардтпен келіссөздер жүргізді.
Бавария – экономикалық даму бойынша Германиядағы жетекші федералдық жері. 2024 жылы оның ЖІӨ көлемі шамамен 800 миллиард АҚШ долларын (Германия – 4,5 трлн) құрап, оны әлемде 22-ші орынға қойды. Бұл көрсеткіш Аргентина, Оңтүстік Африка, БАӘ, Швеция, Израиль, Австрия және Бельгия сияқты елдерден жоғары.
Неміс статистикасы бойынша, 2024 жылы Қазақстан мен Бавария арасындағы сауда көлемі 4,7 миллиард еуроға жетіп, бұл Қазақстан мен Германия арасындағы жалпы сауда көлемінің шамамен жартысына тең болды.
Баварияның мұнай импортының жартысын Қазақстаннан жеткізілетін шикізат құрайды.
Егер Қазақстан Германия үшін 43-орында болса, Бавария үшін 21-орында тұр. Баварияға импорт көлемі бойынша Қазақстан 15-орында, яғни Бельгия, Түркия, Жапония, Вьетнам және Оңтүстік Кореядан жоғары көрсеткішке ие.