Берлин, 2025 ж. 18-19 наурыз - Энергетикалық ауысу бойынша 11-ші Берлин диалогы шеңберінде Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс спикер ретінде "Жасыл сутегі-инфрақұрылымды дамыту" панельдік сессиясына қатысып, Қазақстан Үкіметінің сутегі энергетикасын дамыту, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және ел экономикасының маңызды секторларын декарбонизациялау бойынша қолға алып жатқан тәжірибелік іс-шаралар туралы айтты.
"Қазіргі таңда сутегі энергетикасы стратегиялық бағыт ретінде қарастырылуда. Қазақстан жасыл сутектен энергетикалық ауысу, экономиканы әртараптандыру және шығарындыларды азайту мүмкіндігін көреді. Қазақстан ел ішінде сутекті пайдалануды және оның экспортын теңестіруге ұмтылады, өйткені болашақта ол қазба отындарын алмастырып, экономикалық өсуді қолдай алады", - деп вице-министр атап өтті.
Вице-министрдің Федералдық экономика және климатты қорғау министрлігінің Бас директоры Берхольд Гекемен екіжақты келіссөздері барысында энергетикалық қауіпсіздіктің, NDC шеңберіндегі Климаттық міндеттемелердің өзекті мәселелері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан энергетика министрлігінің Астанадағы сутегі дипломатиясы Офисімен, DENA Неміс энергетикалық агенттігімен, GIZ дамыту жөніндегі Неміс қоғамымен және сутегі саясатын ілгерілету саласындағы ГФР бірқатар ірі компаниялармен тығыз кооперациясына жоғары баға берілді.
Қазақстандық делегация Германия әріптестерін 2026 жылы Астанада өтетін Өңірлік Климаттық Саммит шеңберінде ағымдағы климаттық, экологиялық және су проблемаларын шешуге белсенді қатысуға шақырды. “Табысты Орталық Азия – Табысты Қазақстан" формуласын нық ұстана отырып, Green Central Asia Германияның бастамасы шеңберінде ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ұмтылады.
Берхольд Геке Қазақстанның "жасыл" трансформация бағытындағы тәжірибелік қадамдарын позитивті түрде атап өтті, бұл іске асырылып жатқан ауқымды жасыл жобаларға қатысудың тартымдылығына байланысты. Неміс дипломаты Германия Париж келісімінің Климаттық міндеттемелерін және Орталық Азия аймағының игілігі үшін Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған ұжымдық күш-жігерге үлес қосуға дайын деп сендірді. Неміс әріптестерінің пікірінше, Қазақстанның климаттық клубқа және оның Global Matchmaking платформасына қатысуы елдің жаһандық ауқымдағы ұстанымын нығайтуға және энергетика саласы мен қарқынды шығарындыларды декарбонизациялау үшін жетекші қаржылық және техникалық шешімдерді айқындауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сапар аясында Германияның DENA энергетикалық агенттігі, H2diplo, GIZ, сондай-ақ Siemens Energy компаниясы басшылығының өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті.
Қазақстан делегациясы Германияның ұлттық сутегі саясатын ілгерілету үшін Федералдық үкімет құрған H2-Leitstelle үйлестіру офисіне барды.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша Қазақстан Энергетика министрлігі Астанадағы GIZ сутегі дипломатиясы офисімен бірлесіп қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі болашақ жоспарларды белгіледі.
Анықтама ретінде: энергетикалық ауысу бойынша Берлин диалогы (Berlin Energy Transition Dialogue) - 50-ден астам министрлер мен мемлекеттік хатшыларды қоса алғанда, әлемнің түкпір-түкпірінен энергетикалық қоғамдастық өкілдерін, сондай-ақ әлемнің 130 елінен 17000 қатысушыларын жинайтын жаһандық энергетикалық қозғалыстың ірі халықаралық платформасы болып табылады. Биыл BETD механизміне - 11 жыл толды.
Аталған платформа аясында халықаралық өзара іс-қимыл, тәжірибе алмасу, байланыс орнату, технологиялық және энергетикалық шешімдерді қолдану жүзеге асырылады.