Берлин, 2025 жылғы 12 ақпан – Бүгін Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінде «Қазақстан мен Германияның жоғары және кәсіби білім беру саласындағы ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму келешегі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Германияның салалық министрліктерінің өкілдері, жетекші білім және ғылыми ұйымдардың сарапшылары, сондай-ақ дуалды және кәсіптік-техникалық білім беру саласының мамандары қатысты.
Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанын айрықша атап өтіп, бұл бастаманың елдегі техникалық және кәсіби білім беру жүйесін жан-жақты трансформациялауға бағытталғанын тілге тиек етті. Осы орайда ол Қазақстан мен Германия арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап, дуалды оқыту мен мамандар даярлау бағыттарындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейтудің аса маңызды екенін баса көрсетті.
Қазақстан-Неміс университетінің (DKU) президенті, профессор Волрад Роммель де өз сөзінде екі ел арасындағы академиялық серіктестіктің стратегиялық маңызын атап өтіп, білім мен ғылымды дамыту бағытында бірлескен жобаларды арттырудың келешегіне тоқталды.
Іс-шара барысында iMOVE: Training – Made in Germany бағдарламасының және Федералды кәсіби білім институтының (BIBB) өкілі Петер Пфаффе баяндама жасап, дуалды білім беру саласындағы заманауи үрдістер мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін таныстырды.
Дөңгелек үстелдің негізгі бөлігі «Дуалды және кәсіби білім беру» тақырыбындағы панелдік пікірталасқа арналды. Онда сарапшылар кәсіби білім беру жүйесін дамыту мен оның болашағы жөнінде пікір алмасты.
Мәселен, Германия Сауда-өнеркәсіптік палаталар одағы (DIHK) халықаралық кәсіби білім беру бөлімінің басшысы Тобиас Болле өз ұйымының шетелдік сауда-өнеркәсіптік палаталар мен делегацияларға дуалды білім беру жүйесін енгізу, салалық құзыреттілікті нығайту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және тұрақты бастамаларды жүзеге асыру бойынша қолдау көрсететінін айтты. Сондай-ақ неміс дуалды білім беру моделінің артықшылықтарына тоқталып, оның көптеген елдерде жоғары білікті кадрлар даярлауға септігін тигізетінін жеткізді.
Ал Eurasian Management Solutions GmbH компаниясының бас директоры Томас Хелм Қазақстандағы дуалды білім беру жүйесіне жүргізген егжей-тегжейлі зерттеуінің нәтижелерін таныстырып, оның мықты және осал тұстарын саралап, жүйені жетілдіруге арналған бірқатар ұсынысын ортаға салды.
Сонымен қатар ERFURT білім беру орталығының басшысы Франк Белкнер аталмыш орталық пен қазақстандық оқу орындары арасындағы табысты ынтымақтастық тәжірибесімен бөлісіп, неміс білім стандарттарын тиімді енгізудің оң нәтижелерін көрсетті.
Өз кезегінде компанияның саясат бөлімінің басшысы Кристофер Дюрр «Knauf Gips» неміс компаниясының қолдауымен Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Оқу орталығының қызметі туралы баяндап, оның кәсіби-техникалық білім беру саласын дамытуға айтарлықтай үлес қосып отырғанын атап өтті.
Іс-шара соңында сұрақ-жауап сессиясы өтіп, қатысушылар жоғары және кәсіби білім беру саласындағы серіктестіктің болашағы мен бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Дөңгелек үстел нәтижесінде тараптардың білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге деген жоғары мүдделілігі расталып, тәжірибе алмасу, жаңа іскерлік байланыстарды нығайту және өзара іс-қимылдың алдағы қадамдарын айқындау тұрғысынан маңызды алаңға айналды.