Үшінші «Шаңырақ астындағы кездесу» алманың Отанын анықтады

Үшінші «Шаңырақ астындағы кездесу»  алманың Отанын анықтады

Берлин, 2024 жылғы 7 қараша – Бүгін Германия астанасында алманың шығу тегі тақырыбына арналған үшінші «Шаңырақ астындағы кездесу» өтті. Шараға жетекші сарапшылар, профессорлар, кітап авторлары, кинорежиссер, туризм және неміс БАҚ өкілдері қатысты.

Шара басында қонақтарға қыркүйек айында Қазақстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары туралы бейнеролик көрсетілді. Қонақтар көшпелілер мәдениетінің рухына еніп, қазақтың дәстүрлі спорт түрлерімен таныса алды.

Елші Нұрлан Онжанов өз сөзінде «шаңырақта» қазақ ата-бабаларымыз қызықты тақырыптарды талқылап, пікір алмасып, маңызды шешімдер қабылдағанын атап өтті. Елші алманың Қазақстан үшін тарихи мұрасы мен мәдени маңызына тоқталды. Сондай-ақ ол Қазақстанның ең үлкен қаласы Алматының аты алмамен тығыз байланысты екенін айтты.

Сонымен, сөз неміс тіліндегі «Қазақстанмен танысу» («Kasachstan entdecken») туристирге арналған бірінші қазақстандық жол көрсеткішінің авторы Дагмар Шрайберге берілді. Ол Қазақстан, атап айтқанда, еліміздің оңтүстік-шығысында екі негізгі себеп бойынша алмасымен танымал екенін хабарлады. «Біріншіден, бұл осы күнге дейін ғасырдан астам уақыт бойы өсірілген аңызға айналған алма сорты. Екіншіден, біздің барлық өсірілетін алма сорттарының ізашары – «Malus sieversii» жабайы алма ағашының дәл Қазақстанда пайда болуының жаһандық маңызы зор. Бұл қазынаның ашылуы өте қызықты оқиға болды!» - деп атап өтті Шрайбер.

«Режиссер Антье Маевскийдің «Алманың еркіндігі» („Die Freiheit der Äpfel“) фильмі неге «Malus sieversii» алма ағаштарын қорғау керек екенін анық көрсетеді. Өсірілетін алмаларымызды мықты етіп, алма өндірісінде химиялық заттарды қолдануды азайту үшін бізге Қазақстанның жабайы алмасының күші қажет. Мұнда халықаралық ынтымақтастықтың әлеуеті зор», - деп жалғастырды Дагмар Шрайбер.

Антье Маевски режиссері қонақтарға алманың биоалуантүрлілігі мен көне сорттарын сақтаудың маңыздылығы туралы хабарлай отырып, өзінің «Алманың еркіндігі» фильмінен үзінді көрсетті.

Шаңырақ астында «Алманың өзегі» («Des Apfels Kern») кітабының авторы Йозеф Шмаус Қазақстанға жабайы алма ағаштарын іздеу сапары туралы айтып берді. Неміс жазушысының айтуынша, «Еуразия құрлығының орталығында орналасқан Қазақстанда миллиондаған жылдар бұрын раушангүлдер тұқымдасы жабайы алма ағашына айналған».

Шмаус өз сөзінде «алма бүкіл әлемдегі адамзаттың бүкіл мәдени дамуына әсер етеді» деп атап өтті.

Қызу пікірталас барысында қатысушылар алма өсірудің түрлі аспектілерін талқылап, Қазақстандағы экотуризмді дамыту перспективалары туралы пікір алмасты. Бұл тұрғыда еліміздің табиғи мұрасын сақтаудың маңыздылығы және жабайы алма ағаштарының көне тарихына халықаралық қауымдастықтың назарын аудару жолдары ерекше атап өтілді.

Шара соңында қонақтарды тосын сый күтіп тұрды – олар дәмі мен хош иісі қазақ жерінің бар байлығы мен бірегейлігін жеткізетін нағыз қазақ апортының дәмін тата алды.