Саксония-Анхальт федералдық жерінде Құрметті консулдық ашылды

Саксония-Анхальт федералдық жерінде Құрметті консулдық ашылды

Саксония-Анхальт федералдық жерінің астанасы Магдебургте Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылу рәсімі өтті, оның қызметі екі елдің белсенді ынтымақтастығын дамытуға бағытталатын болады.

Құрметті консулдықтың ашылу салтанатында Саксония-Анхальт федералдық жерінің Үкімет Кеңсесінің басшысы және Мәдениет министрі Райнер Робра (Rainer Robra) сөз сөйледі.

Мемлекеттік министр Райнер Робра Құрметті консулдықтың ашылуы Саксония - Анхальт жері мен Қазақстан Республикасы арасындағы бұрыннан келе жатқан қатынастарды одан әрі нығайту ғана емес, сонымен қатар Феликс Фон Лимбургтің (Felix von Limburg) Қазақстан Республикасымен экономикалық қатынастарды ілгерілету жөніндегі жұмысын бағалау екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының ГФР-дағы Елшісі Нұрлан Онжанов жаңа Құрметті консул Феликс Фон Лимбургті таныстыра отырып, оның екі халық пен мемлекет арасындағы достық байланыстарды нығайтудағы рөлі туралы айтып берді, сондай-ақ, жұртшылығы мен саяси мекемесін Қазақстанның бүгінгі жағдайы туралы хабардар етті.

Сондай-ақ, Елші бүгінде Қазақстан ЖІӨ тұрақты өсімі бар серпінді дамып келе жатқан ел екенін, онда шетелдік инвестициялар мен бірлескен жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтті.

Іс-шара барысында Қазақстанның жаңа өкілі Феликс Фон Лимбургке консулдық патент берілді.

Құрметті консулдықтың жұмыс аймағына (консулдық қызмет көрсетусіз) Саксония-Анхальт федералдық жері кіреді.

30 жылдан астам уақыт бойы Фон Лимбург Магдебургте және одан тыс жерлерде белсенді кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Оның «B.T. innovation GmbH» компаниясының халықаралық қызметі және құрылыс саласы үшін инновациялық шешімдерді әзірлеу шеңберінде Қазақстанда құрылыс материалдарын шығаратын зауыт ашылды.