ITB-2024 халықаралық көрмеде Қазақстан өзінің туристік әлеуетімен таң қалдырды

ITB-2024 халықаралық көрмеде Қазақстан  өзінің туристік әлеуетімен таң қалдырды

БЕРЛИН, 5 наурыз, 2024 жыл – Берлин қаласында әлемдегі ең ірі Халықаралық туристік биржасында (ITB) Қазақстанның туристік әлеуеті көрсетілді.

Халықаралық көрмеге қатысудың басты міндеті елдің табиғи ландшафттарын көрсету, іскерлік байланыстар орнату, туристік әлеуетті ашу және Қазақстанға шетелдік туристерді тарту болды.

Осы мақсатта Берлинге Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бастаған делегация келді. Қазақстан тауларға жорықтарды, даладағы экспедицияларды, тарихи қалалар бойынша мәдени турларды, сондай-ақ экологиялық туризм мүмкіндіктерін қамтитын туристік маршруттардың кең спектрін ұсынды.

Қазақстанның ұлттық стенді келушілердің назарын аударды. Қонақтар еліміздің көрікті жерлерімен, Қазақ киіз үйінің безендірілуімен, ақпараттық материалдармен, Қазақстанның табиғи және мәдени байлықтарының тұсаукесерімен, әрине, ұлттық тағамдармен танысты.

Қазақстан павильонын Берлин қаласының бургомистрі Кай Вегнер, БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас хатшысы Зураб Пололикашвили, Берлин қаласының экономика, энергетика және кәсіпкерлік жөніндегі сенаторы Франциска Гиффей, «Messe Berlin» көрмесінің бас директоры Марио Тобиас,  Германия туристік қауымдастығының президенті Норберт Фибиг тамашалады.

Көрмеге қатысу аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Қайрат Сәдуақасов бірқатар неміс компанияларымен инвесторларға арналған қазақстандық жобалардың тұсаукесерімен, сондай-ақ «Euronews» сияқты маркетингтік агенттіктердің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.

Қазақстандық делегацияның басым бөлігін отандық туристік бизнес өкілдері құрады, Берлинге туристік саладан 40-қа жуық қазақстандық компаниялардың өкілдері келді.

Көрме барысында стенд қатысушылары мен Қазақстанның турбизнес өкілдері Германияның және басқа елдердің іскер топтарымен тікелей өзара іс-қимыл жасай алды.

Қазақстанның ITB көрмесіне қатысуы елдің туристік имиджін арттыруға және Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде таныстыруға мүмкіндік берді.

ITB Berlin-туризм саласындағы ұйымдар үшін әлемдегі ең ірі B2B көрмесі. Көрме 1966 жылдан бері өткізіліп келеді және туристік ұсыныстар мен қызметтердің барлық түрлерін ілгерілету үшін ең қолайлы платформа болып саналады. Көрмеге туроператорлар, авиакомпаниялар, қонақүйлер және саяхат әуесқойлары үшін тауарлар мен қызметтерді ұсынатын компаниялар қатысады.