Берлинде ҚР парламенттік сайлауына арналған брифинг өтті

Берлинде ҚР парламенттік сайлауына арналған брифинг өтті

БЕРЛИН, 2023 ж. 16 наурыз – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау қарсаңында Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов Бундестаг депутаттарына, дипломатиялық корпус өкілдеріне, Германияның қоғам және саяси қайраткерлеріне, сарапшылар мен іскерлік топтары өкілдеріне, сондай-ақ неміс журналистеріне Қазақстанның ішкі саяси жүйесінің қазіргі дамуы, елде жүргізіліп жатқан реформалар және ағымдағы жылдың 19 наурызында жаңа сайлау ережелері бойынша өтетін парламенттік сайлауының ерекшелігі туралы ақпарат берді.

Қазақстандық дипломат инклюзивті және ауқымды реформалар үшін жаңартылған демократиялық мандат арқылы ұлттық жаңғыртуды жеделдететін Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Оның айтуынша, алдағы сайлау аралас сайлау жүйесі бойынша өтеді, онда депутаттардың 70 пайызы партиялық тізімнің пропорционалдық жүйесі бойынша, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша сайланады, ал сайлау үдерісіне әйелдер мен жастардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету үшін Парламенттегі депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және мүгедектерге заңмен белгіленген 30 пайыздық квота енгізілді. Сонымен қатар, партияларды тіркеу үдерісі жеңілдетіліп, олардың Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне кіруі үшін шектеулер төмендетілді.

Н.Онжанов брифинг барысында қатысушыларды сайлау науқанының барысы туралы хабардар етіп, көптеген ұлттық және халықаралық байқаушылардың, соның ішінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының сайлауды бақылау жөніндегі мүшелері ретіндегі неміс депутаттарының және ЕҚЫҰ-ның ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді миссияларына неміс байқаушылардың қатысуын қолдады.

«Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістерді көрсетеді және Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға серпін береді. Біздің еліміз ұлттық заңнамаға және озық халықаралық тәжірибеге толық сәйкес әділ сайлау өткізуге ұмтылған», - деді Елші.

Неміс сарапшыларының пікірінше, партияларға ҚР Парламенті Мәжілісіне өту үшін дауыстың төменгі шегін Германияның мысалы секілді 7-ден 5 пайызға төмендету Парламентке саяси әралуандық әкелетін оңтайлы нұсқа болып табылады.

Орталық Азия бойынша сарапшы Ангела Лееке өз тарапынан әйелдерге, жастарға және мүгедектерге орын бөлу кезінде 30 пайыздық квотаның енгізілуі аясында Қазақстандағы әйелдердің рөліне ерекше назар аударды. Оның пікірінше, Қазақстанда «саясатта да, бизнесте де жарқырап көрінетін талантты әйелдер көп және олардың елдің заң шығарушы органында көбірек өкілдік етуі оның рөлін күшейтетіні сөзсіз».

Анықтама үшін: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы және барлық деңгейдегі (аудандық, қалалық, облыстық) мәслихаттар депутаттарының сайлауы 2023 жылғы 19 наурызда өтеді.

Партияны тіркеу үшін талап етілетін қолдар санының 40 мыңнан 5 мыңға дейін қысқаруы саяси бәсекелестікті күшейтуге мүмкіндік берді. Мәселен, 21 қаңтарда ҚР ОСК 281 кандидат енгізілген партиялық тізімдер бойынша 7 саяси партияның («Ақ жол» демократиялық партиясы, «Amanat» партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Байтақ» Жасылдар партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстан Халық партиясы және «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі) тіркелгені туралы жариялады.

Сонымен қатар, өңірлердегі азаматтық қоғамның белсенділігі байқалуда: ҚР Парламенті Мәжілісіне сайлауына 29 мажоритар бірмандатты сайлау округтері бойынша 609 үміткер, немесе бір мандатқа орта есеппен 21 адамнан, ұсынылған, оның ішінен 435 кандидат тіркелген (бір мандатқа 15 адам).

Жалпы, Мәжіліс пен мәслихаттарға депутат ретінде сайлауға 14207 адам тіркелді

Ү.ж. 13 наурызы бойынша, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына барлығы 385 кандидат тіркелді. Мәслихаттарда 117 партиялық тізім бар, оған 1386 кандидат кірді. Бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихат депутаттығына 10 009 кандидат тіркелді.

ҚР Орталық сайлау комиссиясы 12 халықаралық ұйым мен 41 шет мемлекеттен 793 халықаралық сайлау байқаушысын аккредиттеді.