Гамбургте Қазақстан экономикасының күні өтті

Гамбургте Қазақстан экономикасының күні өтті

ГАМБУРГ, 2023 жылғы 1 ақпанбүгін Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі, Гамбургтың сауда палатасы және Герман экономикасы шығыс комитетінің қолдауымен Гамбургте Қазақстан экономикасы күнін өткізді. Іс-шара аясында басым бағыттар бойынша сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Қазақстан тарапынан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров бастаған делегация қатысты.

Экономика күнінің негізгі іс-шарасы «Орталық Азия аймағындағы өсу қарқыны - Қазақстандағы логистика, энергетика және өнеркәсіп салалары» тақырыбындағы инвестициялық дөңгелек үстел болды.

Іс-шараны алғы сөздерімен Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов, Гамбург Сауда палатасының президенті Норберт Ауст және Герман экономикасы шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс ашты.

Министрдің орынбасары АлмасАйдаров Қазақстан экономикасының түрлі салаларындағы әлеуеті туралы негізгі баяндамасында жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар, шетелдік инвесторлар үшін қолайлы заңнамалық база, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен арнайы экономикалық аймақтар шеңберінде бизнес үшін қолжетімді жеңілдіктер мен преференциялар туралы айтты, сондай-ақ неміс кәсіпкерлеріне бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысында жан-жақты қолдау көрсететілетініне сендірді.

Норберт Ауст Гамбург өзінің порты мен теңіз логистикасының болуы арқасында бүкіл Германияның қажеттіліктерін шикізатпен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар, қала экономикасының өзі көп жағынан айтарлықтай өнеркәсіптік әлеуетке ие, осыған байланысты неміс тарапы Қазақстанмен, әсіресе Германияны тұрақты энергиямен қамтамасыз ету саласында ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Сонымен қатар, оның айтуынша, Гамбург кәсіпорындарының Қазақстан Республикасының аумағында өңдеу өнеркәсібі саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жақсы мүмкіндіктері бар.

Гамбург Сауда-өнеркәсіп палатасының Шығыс Еуропа бойынша жұмыс тобының төрағасы Мирко Новак қазіргі уақытта 160 гамбургтік компания Қазақстанмен белсенді ынтымақтастықта екенін, олардың 29-ының Қазақстанда филиалдары, өкілдіктері немесе өндіріс орындары бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, Гамбургтен Қазақстанға экспорт көлемі жылына шамамен 200 миллион еуроны құрайды.

«Buss Group» компаниясының басшысы, Қазақстан Республикасының Гамбургтегі Құрметті консулы Иоханн Киллингер қазақстандық нарықта жұмыс істеу оң тәжірибесімен және жүргізіліп жатқан либералдық реформалар аясында неміс инвесторлары үшін ашылатын мүмкіндіктермен бөлісті.

Панельдік пікірталас барысында қатысушылар өзекті мәселелер мен экономиканың тиісті салаларын одан әрі дамыту жоспарларын талқылады. Атап айтқанда, энергетика және шикізат секторы туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов және «Aurubis AG» компаниясының энергетика және климат жөніндегі вице-президенті Ульф Геркенс,  логистика саласындағы қазіргі ахуал мен перспективалық жобалар туралы «KTZ Express» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Қайрат Утяпов пен «Hamburg Port HHLA International» басқарушы директоры Филипп Свеенс, ал өнеркәсіп және инвестиция саласы туралы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов және PwC аға менеджері Хервиг Маасен айтып берді.

Экономика күні аясында қазақстандық делегацияның Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі бірқатар неміс компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулері өтті.

Гамбург (Hansestadt Hamburg) – 1,85 миллионға жуық халқы бар еркін және Ганзалық қала, Германия бойынша екінші орын алуда.

Еуропадағы сауда, көлік және қызмет көрсету орталығы ретінде бұл Германиядағы порты бар маңызды өнеркәсіп орталықтарының бірі болып табылады.

Экономиканың маңызды салалары логистика, порттар және теңіз қызметтерімен қатар авиация өнеркәсібі (әлемде үшінші орын), жеңіл өнеркәсіп (әсіресе тамақ өнеркәсібі), химия, электротехника, машина жасау, автомобиль және кеме жасау, мұнай өнеркәсібі, БАҚ және сақтандыру компаниялары, сондай-ақ банктер болып табылады. Сауда мен қызмет көрсетуден басқа, туризм, жаңартылатын энергия көздері және биоғылымдар (медицина және биотехнология) маңызды рөл атқаруда.

1665 жылы құрылған Гамбург сауда палатасы 160 000-нан астам компаниялары бар Германияның ең көне сауда палатасы болып табылады.

Қазақстан мен Гамбург арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді (2022 жылғы қаңтар-қараша айларында сауда 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73%-ға өсіп, шамамен 250 млн еуроны құрады). Гамбургтен Қазақстанға экспорттың 90%-ға жуығы авиация саласының өнімдері болып табылады.