Мюнхенде «Қазақстанның Бавариядағы экономикасы күні» өтті

Мюнхенде «Қазақстанның Бавариядағы экономикасы күні» өтті

МЮНХЕН, 2023 жылғы 31 қаңтар – бүгін Бавария федералдық жерінің астанасы Мюнхен қаласында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Айдаров бастаған қазақстандық делегацияның және Баварияның жетекші компаниялары басшыларының қатысуымен Қазақстанның Бавариядағы экономика күні өтті.

Іс-шараны Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов ашып, қатысушыларды екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың серпінді дамуы, мемлекетіміздің реформалары, қолайлы инвестициялық ахуалы, сондай-ақ аймақтық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы ақпаратпен бөлісті. 2022 жылдың 11 айында тауар айналымы 2021 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, 90%-ға өсіп, 8,6 млрд еуроны құрады.

Негізгі баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров Қазақстан мен Германия арасында өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастық орнағанын және түрлі салаларда жобалар жүзеге асырылып жатқанын, ал Германия еліміз экономикасының қайта өңдеу өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру, көлік және агроөнеркәсіптік кешені сияқты «шикізаттық емес» секторының маңызды инвесторы екенін атап өтті.

Оның айтуынша, Германиямен жаңартылатын энергия көздері, әсіресе жасыл сутегі өндірісі, сондай-ақ логистика және қазіргі таңда энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәнмәтінде маңызы өсіп келе жатқан «Орта дәлізді» дамыту бойынша бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін үлкен әлеует бар.

Бүгінгі таңда Қазақстанда жалпы қуаты 2400 мегаваттан асатын жаңартылатын энергия көздерінің 148 нысаны жұмыс істейді. Қазақстан Республикасында электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі ЖЭК 3% құрайды, бұл көрсеткішті 2050 жылға дейін 50%-ға жеткізу жоспарлануда.

Соңғы жылдары Қазақстан транзит пен логистиканы дамытуға 25 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция жасады.

Қазақстандық дипломат халқымыздың 1/3 бөлігі жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударды. «Ауыл шаруашылығынан ЖІӨ-нің үлесі бар болғаны 4% құрайтынын ескере отырып, біз еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және жаңғыртуға мүдделіміз және неміс ауылшаруашылық техникасын өндірушілер мен инвесторларды осы саладағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз».

Баяндамасының соңында А.Айдаров неміс бизнесмендерін 2023 жылғы жазда Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетінің барлық спектрін көрсететін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Неміс тарапынан сөз сөйлеген Бавария Федералдық жерінің халықаралық ынтымақтастық қызметінің басшысы Маркус Виттманн, Баварияның Экономикалық кеңесінің құрметті президенті Отто Висхой және Германия экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс Қазақстандық және Бавариялық компаниялардың энергетика, табиғи ресурстар, өнеркәсіп және машина жасау, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, білім және ғылым салаларында, оның ішінде дуалды білім беру саласында, сондай-ақ IT саласында мүдделері сәйкес келетінін атап өтті.

М.Витманның айтуынша, тараптар 4D – «Энергияға көшудің төрт аспектісі: декарбонизация, орталықсыздандыру, пайдалануды азайту және цифрландыру» аясындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударуы қажет.

О.Висхой атап өткендей, Қазақстанның әлеуеті негізінен жете бағаланбайды. «Мен Deutsche Bahn басқарма мүшесі ретінде Қазақстанда болдым және теңізге шыға алмайтын әлемдегі ең үлкен елдің логистикалық әлеуетін көрдім».

М.Хармс өз кезегінде Қазақстанның күн сайын жақсы жаққа өзгеріп жатқанын, ал Қазақстан мен Германияның сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі кеңейту мен тереңдету үшін Берлин Еуразиялық клубы, Стратегиялық серіктестік жөніндегі Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесі, сондай-ақ Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы сияқты бірқатар тиімді құралдардың бар екенін атап өтті.

Іс-шараға OAM RERE Linde AG, Schaeffler Technologies AG & Co KG, EOS GmbH және т.б. белгілі жоғары технологиялық компанияларының өкілдері, сондай-ақ Баварияның Сауда-өнеркәсіптік палаталарының шешім қабылдаушылары қатысты.

Экономика күні аясында қазақстандық делегацияның бірқатар неміс компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулері өтті.

Елші Н.Онжанов Баварияның Еуропа істері және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі мемлекеттік министрі М.Хумльмен келіссөздер жүргізіп, өңірлік ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдету, түрлі салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.

Бавария еркін федералдық жері (Freistaat Bayern) Германияның 16 федералдық жерлерінің ішінде аумағы бойынша ең үлкен және халқы саны бойынша екінші орын алатын аймақ.

Бавария соңғы онжылдықтарда негізінен ауыл шаруашылық өңірден технологиялық жағынан дамыған экономикасы бойынша күшті және бай федералдық жер болып саналады. 2021 жылы Баварияның жалпы Германияның өндірісіндегі үлесі 18,5% құрады.

Бавария статистикалық басқармасының мәліметі бойынша, 2022 жылдың шілде айындағы ахуалы бойынша федералдық жердің қазақстандық импорты 79 пайызға өсіп, 515,8 млн еуроны құрады. Осылайша, Қазақстан Баварияға «шикі мұнай мен табиғи газды» импорттаушы елдер арасында бірінші орынға ие.