Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев Дүниежүзілік азық-түлік және ауыл шаруашылығы форумы мен «Жасыл апта – 2023» халықаралық көрмесіне қатысты

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев Дүниежүзілік азық-түлік және ауыл шаруашылығы форумы мен «Жасыл апта – 2023» халықаралық көрмесіне қатысты

БЕРЛИН, 2023 жылғы 21 қаңтар – 18-21 қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев Азық-түлік және ауыл шаруашылығы форумы (GFFA) мен «Жасыл апта – 2023» (Grüne Woche – 2023) халықаралық көрмесіне қатысу үшін Берлинге жұмыс сапарымен барды.

Қазақстандық делегацияның сапары бағдарламасына жоғары деңгейдегі ресми ашылу рәсімдеріне қатысу, Германияның Ауыл шаруашылығы және азық-түлік федералдық министрі Джем Өздемирдің басшылығымен ауыл шаруашылығы министрлерінің XV Берлин конференциясына қатысу, сондай-ақ Германия экономикасы Шығыс комитетінің және жетекші неміс ауылшаруашылық және азық-түлік компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулер кірді.

«Азық-түлік жүйелерін трансформациялау: көптеген дағдарыстарға жаһандық жауап» тақырыбындағы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі 15-ші Дүниежүзілік форумының жұмысына 2000-ға жуық бизнес өкілдері, ғалымдар, азаматтық қоғамдар мүшелері мен саясаткерлер қатысып, азық-түлік жүйесіндегі қиындықтарды, жаһандық сын-қатерлерді және оларды шешу мүмкіндіктерін, соның ішінде бүкіл әлемде азық-түлік құқығын іс жүзінде жүзеге асыру бойынша практикалық шараларды талқылады.

GFFA-ның шарықтау шегі ауыл шаруашылығы министрлерінің Берлин конференциясы болды, оған әлемнің 80-ге жуық ауыл шаруашылығы министрлері және халықаралық ұйымдардың оннан астам делегациялары қатысты.

«Жасыл апта 2023» алаңында қазақстандық делегация жетекші неміс және халықаралық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің, азық-түлік компанияларының стендтерін аралап көрді, сондай-ақ Германияның Федералдық ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің басшылығымен және басқа елдердің делегацияларымен келіссөздер жүргізді.

Министр Е.Қарашөкеев Германия агробизнес альянсы ұйымдастырған «Технология шешуші рөл атқарады: Шығыс Еуропа мен Орталық Азия жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне қалай үлес қоса алады» тақырыбындағы панельдік сессиясында сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында қатысушыларды Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласымен, елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалармен, сондай-ақ неміс инвесторлары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асырудағы мүмкіндіктерімен таныстырды. Сонымен қатар, спикерлер Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің орта және ұзақ мерзімді перспективада аймақтағы өнімділік деңгейін арттыру, сол арқылы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қалай үлес қоса алатыны туралы пікір алмасты.

Министрдің Германияның экономикалық құрылымдары мен «Bayer» компаниясының басшыларымен екіжақты кездесулерінің басты тақырыбы еліміздің ауыл шаруашылығы және азық-түлік саласындағы инвестициялық әлеуеті болды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы сұхбаттасушыларды қазақстандық ауыл шаруашылығына тікелей инвестицияның жалпы ағыны 23,5 миллион доллардан асқан 2022 жылдың қорытындылары туралы хабардар етіп, елімізде шетелдік бизнесті қолдаудың барлық құралдары жұмыс істеп жатқанын, оның аясында елімізде неміс компанияларымен ынтымақтастықтың оң тәжірибесі бар екенін атап өтті. Осылайша, оның айтуынша, Қазақстанда гипсокартон шығаратын зауыт салу және тіркеме ауыл шаруашылығы техникасын шығару жобаларын жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Тараптар келіссөздерді жалғастыруға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін іздеуге өзара мүдделі екенін растады.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы жөніндегі жаһандық форум (GFFA – https://gffa-berlin.de/en/) – жаһандық ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саясатындағы негізгі мәселелерге арналған халықаралық конференция. Форум жыл сайын Берлиндегі «Жасыл апта» халықаралық көрмесімен қатар өткізіледі. GFFA форумын Федералдық азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігі (BMEL) Берлин Сенатымен және «Messe Berlin GmbH» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырады.

«Жасыл апта» халықаралық көрмесі (https://www.gruenewoche.de/en/visit/) Германиядағы ең дәстүрлі көрмелердің бірі болып табылады. 1926 жылы Берлинде құрылған көрме ауыл шаруашылығы және азық-түлік секторын дамытудың озық тәжірибесін көрсетуге арналған бірегей жетекші халықаралық алаңға айналды. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрме қатысушылары ұлттық және халықаралық өнімдердің кең ауқымын ұсынады. Сонымен қатар, «Жасыл апта» климатты қорғау, қалдықтарды қайта өңдеу, ресурстарды сақтау және жерді орнықты пайдалану сияқты өзекті әлеуметтік мәселелерді талқылау және шешу үшін алаң ұсынады.

Неміс агробизнес альянсы (German Agrobusiness Alliance – https://www.german-agribusiness-alliance.de/gaa_home) – ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібіндегі жетекші қауымдастықтар мен компаниялардың бастамасы. Ол ауыл шаруашылығы және азық-түлік секторында өтпелі және дамушы елдермен (серіктес елдер) ынтымақтастықта экономикалық мүдделерді алмасу және біріктіру үшін платформа ретінде қызмет етеді. 2012 жылдан бастап неміс агробизнес альянсы Азия мен Африкадағы дамушы және өтпелі елдермен халықаралық ынтымақтастық үшін Шығыс Еуропада және одан тыс жерлерде өз қызметін дамытуда.