БЕРЛИН, 2022 жылғы 29 наурыз – Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев және ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов бүгін Германия астанасында ГФР СІМ Экономикалық департаментінің басшысы Оливер Речлермен және ГФР СІМ Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия бойынша уәкілетті өкілі Маттиас Лютенбергпен, сондай-ақ Германия өнеркәсібі федералдық қауымдастығының (BDI e.V.) Бас директорының орынбасары Хольгер Лешпен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында пандемия және геосаяси шиеленістер жағдайында экономиканы тұрақты дамыту мәселелері, Қазақстан-Германия екіжақты қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары, сондай-ақ энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстандық тарап өкілдері ел басшылығы ұсынған елдің тұрақты дамуына, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, кірістердегі алшақтықты жоюға және жұмыс орындарын құруға бағытталған Жаңа Қазақстанды дамыту бағдарламасы туралы хабардар етті. Сонымен қатар, Қазақстан экономикасын жаңғырту, қолайлы инвестициялық ахуалды дамыту, шетелдік инвестицияларды тарту және технологиялар трансферті бойынша ҚР Үкіметінің шараларына ерекше назар аударылды.
Герман тарапының өкілдері кездесу барысында елдің қолайлы географиялық орналасуын, табиғи ресурстардың мол қорларының болуын және энергия көздерін әртараптандыру мүмкіндігін ескере отырып, Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға үлкен қызығушылық бар екенін хабарлады.
Германия өнеркәсібінің федералдық одағы (BDI E. V.) – ГФР өнеркәсібі мен салалық қызметтерді жеткізушілердің жетекші ұйымы. 40 салалық қауымдастық пен 100 мыңнан астам компанияның мүдделерін білдіреді. BDI Германия өнеркәсібінің саяси және экономикалық мүдделерін ел ішінде және шетелде ұсынады.