Елші Дәурен Кәріпов Саксония-Анхальт федералдық жерінің басшылығымен кездесті

Елші Дәурен Кәріпов Саксония-Анхальт федералдық жерінің басшылығымен кездесті

МАГДЕБУРГ, 2021 жылғы 8 желтоқсан – Саксония-Анхальт федералдық жеріне жұмыс сапары барысында Қазақстанның Германиядағы Елшісі Д.Кәріпов жергілікті премьер-министр доктор Райнер Хазелоффпен, жергілікті парламенттің (Ландтаг) президенті доктор Гуннар Шелленбергермен, Магдебург қаласының Обербюргермейстері доктор Лутц Трюмпермен және Саксония-Анхальт Федералдық жерінің экономика, туризм, ауыл шаруашылығы және балық аулау министрі Свен Шульцемен кездесті.

Кездесулер барысында талқыланған басты тақырып ГФР-дың маңызды индустриялық аймақтарының бірі болып табылатын федералдық жерімен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, оның ішінде Қазақстанның бір облысымен серіктестік қарым-қатынастарды дамыту, екі мемлекет кәсіпкерлерінің арасында іскерлік байланыстарды орнату, сондай-ақ қазақстандық және герман университеттері арасында тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты дамыту болды.

Дипломат 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ГФР-ға жасаған сапарлары қосымша серпін берген Қазақстан-Германия ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі туралы хабардар етті. Ынтымақтастық мәселелерін талқылау аясында Елші бизнесті жүргізу шарттары мен ҚР-дағы қолайлы инвестициялық ахуал, арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуі және мемлекет пен шетелдік компаниялар арасындағы сенімді диалогты дамыту туралы хабардар етті. Екіжақты ынтымақтастық институттарының, оның ішінде Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобының, Берлин Еуразиялық клубының, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың басшылығымен Герман инвесторларымен жұмыс жөніндегі арнайы үкіметтік жұмыс тобының жұмысына ерекше назар аударылды.

Кездесулер барысында герман тарапы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және түрлі салалардағы бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты. Кездесу соңында Елші Саксония-Анхальт федералдық жері мен Магдебург қаласының құрметті қонақтар кітабына жазба енгізді.

Саксония-Анхальт – Германияның ең маңызды индустриалды аймақтарының бірі. Мұнда химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы дамыған, сондай-ақ туризм жер экономикасы үшін де маңызды рөл атқарады.  Магдебург және Галле қалалық университеттері Ғылыми орталық болып табылады. Саксония-Анхальттың табиғаты әдемі, бұл жерде көптеген өзендер, таулар, саябақтар, сондай-ақ ежелгі қалалар мен бекіністер және соборлар бар.