Берлинде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығы атап өтілді

Берлинде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30-жылдығы атап өтілді

БЕРЛИН, 2021 ж. 7 желтоқсан – Германияның астанасы Берлин қаласында мемлекетіміз Тәуелсіздігінің 30-жылдығы атап өтілді.

Қазақстанның Германиядағы Елшілігі ұйымдастырған ресми қабылдауға Германия федералдық үкіметінің жоғары лауазымды тұлғалары, Бундестаг депутаттары, Германияда аккредиттелген дипломатиялық корпусының басшылығы, бизнес өкілдері мен белгілі неміс сарапшылары қатысты.

Алғы сөзінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов мемлекетіміз егемендігін алғаннан бері айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін және осы тарихи жолында Германия үкіметі Қазақстанға әрдайым қолдау көрсеткенін атап өтті.

Федералдық үкіметінің атынан сөз сөйлеген ГФР Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия жөніндегі уәкілі Маттиас Люттенберг Қазақстан халқын ұлттық мерекесімен құттықтап, мемлекетімізге өркендеу мен табыстар тіледі.

Іс-шара барысында ұйымдастырылған фотокөрмеде қонақтар мемлекетіміздің тарихымен, табиғатымен, мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен таныса алды.

Ресми қабылдау барлық санитарлық-эпидемиологиялық шараларды қолданумен өткізілді.