Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Берлинде келіссөздер өткізді

Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Берлинде келіссөздер өткізді

БЕРЛИН, 2021 жылғы 6 желтоқсан – Берлинге болған сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Бундестагтың германиялық депутаттарымен өткен дөңгелек үстелге қатысты.

Өз сөзінде, Е.Қазыхан неміс парламент мүшелерін еліміздің тәуелсіздігінің 30 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқа да салаларындағы жетістіктері туралы хабардар етті. Ол Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға кеңінен тоқталды. «Қазақстанда демократияны нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған кешенді институтционалдық реформалар жүзеге асырылуда», - деп атап өтті.

Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестіктің стратегиялық сипатын атай отырып, Е.Қазыхан Парламент Мәжілісіндегі «Қазақстан-Германия» және Германия Бундестагындағы «Германия – Орталық Азия» достық топтары арасындағы өзара іс-қимылдардың маңыздылығына тоқталды.

Өз кезегінде Бундестаг депутаты, «Германия – Орталық Азия» парламенттік достық тобының төрағасы Манфред Грунд Қазақстан мен Германия ынтымақтастығының қарышты дамып келе жатқанына ризашылығын білдіріп, жаңадан сайланған германиялық депутаттардың алдағы уақытта да оны кеңейтуге және тереңдетуге қажетті күш-жігер жұмсауға дайын екендігін айтты.

Германия Федералдық президентінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Томас Баггермен болған кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың әртүрлі салаларындағы ықтимал байланыс нүктелерін талқылады, соның ішінде климаттық күн тәртібі де болды.

Сапар барысында арнаулы өкілдің Германия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Мигель Бергермен, ГФР СІМ-нің Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ мемлекеттері бойынша уәкілі Матиас Люттенбергпен, сондай-ақ Федералдық үкіметтің Ауғанстан және Пәкістан бойынша арнайы уәкілі Яспер Викпен кездесулері өтті. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, өзекті халықаралық мәселелер бойынша «сағаттарын салыстырды».

Қазақстан мен Германия арасындағы сыртқы саяси өзара іс-қимылды одан әрі дамытуды қарқынды арттыру және әртүрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты ұлғайту бойынша ұағыдаластыққа қол жеткізілді.