Берлинде Германияда тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті

Берлинде Германияда тұратын қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті

БЕРЛИН қ., 2021 жылғы 22 қазан – бүгін Қазақстанның мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың, ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріповтың және Берлин, Кельн және Мюнхен қалаларында тұратын Германиядағы қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі аумағында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев ескерткішінің ашылуына орай өткізілді.

Дөңгелек үстел барысында А.Құнанбаевтың шығармашылық мұрасы талқыланып, Германиядағы қазақ диаспорасының жағдайы, шетелдегі қазақ қоғамдастығы өкілдерінің қазақ тілін үйрену перспективалары және отандастарды қолдау жөніндегі бірлескен жобаларды іске асыру бойынша пікір алмастырылды. Жас ұрпақпен жұмысты жандандыруға, соның ішінде білім алмасу шеңберінде ең дарынды балаларды Қазақстанға жіберуге, халықтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен және рухымен таныстыру бойынша жазғы бағдарламаларды ұйымдастыруға өзара қызығушылық білдірілді.

Келесі жылы Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын ескере отырып, Германиядағы қазақ диаспорасының өкілдері неміс қоныс аударушыларымен бірлесіп, Берлин, Кельн және Мюнхен қалаларында қазақтың бай мәдениетін паш ету, халықтар арасындағы бірлікті, ынтымақтастықты, достық пен бауырластықты нығайту мақсатында қазақстандық музыкалық ұжымдар мен халықаралық конкурстар лауреаттарын шақыра отырып, достық фестивалін ұйымдастыруды ұсынды.