ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р. Скляр Герман бизнесімен қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын басқару салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р. Скляр Герман бизнесімен қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын басқару салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

БЕРЛИН, НҰР-СҰЛТАН, 2021 жылғы 31 тамыз – ҚР ГФР-дағы Елшілігі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың Герман бизнесімен дәстүрлі, 13-ші кездесуін өткізді. Кезекті кездесудің тақырыбы қоршаған ортаны қорғау және су ресурстарын басқару мәселелері болды. Іс-шараны өткізуде ұйымдастырушылық қолдауды «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, Герман экономикасының шығыс комитеті және Орталық Азиядағы герман экономикасының өкілдігі көрсетті.

Онлайн-кездесу барысында ГФР СІМ Мемлекеттік хатшысы Мигель Бергер, «WILO SE» компаниясының Президенті және Басқарма Төрағасы, Герман экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы, ҚР Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Құрметті консулы Оливер Гермес, ГФР Қоршаған орта, табиғатты қорғау және ядролық қауіпсіздік федералдық министрлігінің департамент директоры Юрген Кайнхорст, Орталық Азиядағы герман экономикасы өкілдігінің басшысы Ховсеп Восканян, «WILO Group» компаниясының дамушы нарықтар өңіріндегі сату бойынша аға вице-президенті Йенс Даллендёрфер және «SVEVIND» Бас директоры Вольфганг Кропп сөз сөйледі. Қазақстандық тарап ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі А.Пірімқұлов, ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Д. Бекмағамбетов, ҚР Энергетика министрлігі жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры А.Құланбай, «Казгипроводхоз» ӨК Басқарма төрағасы Р.Файзулдин деңгейінде қатысты.

Онлайн-кездесуге Қазақстандағы герман компаниялары мен олардың филиалдарының 100-ге жуық басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ қазақстандық мемлекеттік органдардың, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялардың өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Р.Скляр ел басшылығының экологияны жақсартуға, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейтуге, табиғатқа ұқыпты қарауды насихаттауға бағытталған стратегиялық бастамалары туралы хабардар етті. Ол қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық заңнамалық стандарттарға сәйкес келетін ҚР жаңа экологиялық кодексінің қабылдануын ерекше атап өтті. Осылайша, оның айтуынша, Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі «жасыл» экономика идеясын жүзеге асыра бастаған алғашқы ел болды. Р.Склярдың сөзін жалғастыра отырып, А. Пірімқұлов «жасыл» энергетиканы дамыту, климатты қорғау, өнеркәсіпті декарбонизациялау және қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау жүйесін қоса алғанда, циркулярлық экономика қағидаттарын енгізу жөніндегі шаралар туралы толық ақпаратпен бөлісті.

Өз кезегінде М.Бергер Қазақстан климаттың өзгеру салдары мен онымен байланысты тәуекелдер туралы Өңірлік диалогқа жәрдемдесуге бағытталған ГФР Федералдық үкіметінің «Green Central Asia (Жасыл Орталық Азия)» бастамасының белсенді қатысушысы болып табылатынын атап өтті. Бастама су ресурстары және мұздықтарды қорғау, энергетика, биоалуантүрлілік, жер ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығы сияқты салаларда өңірлік және ұлттық деңгейлерде іс-шараларды көздейді. Салалық министрліктің өкілі Ю. Кайнхорст халықаралық Климаттық бастама (ICI) шеңберінде ГФР Федералдық үкіметі мен ЭЫДҰ қолдауымен жақын арада Қазақстанда іске асырылатын «Климат, су және энергия өзара іс-қимылы» (NEXUS) бірлескен өңірлік жобасы туралы айтып берді.

Іс-шара барысында «SVEVIND» неміс компаниясы жаңартылатын энергетика саласындағы құны 20 млрд.еуродан асатын ірі жобаны таныстырды. Жоба шеңберінде Батыс және Орталық Қазақстанның дала өңірлерінде жалпы қуаты 45 гигаватт жел және күн электр станциялары орнатылады.

Онлайн-кездесудің соңында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтті, оның шеңберінде іс-шараға қатысушылар ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша сұрақтар қоюға және сөз сөйлеуге мүмкіндік алды.