Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Д.Кәріповтың Қазақстан мен Германия арасында дипломатиялық қатынастарды орнатуының 29-жылдығына орай құттықтауы

Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Д.Кәріповтың Қазақстан мен Германия арасында дипломатиялық қатынастарды орнатуының 29-жылдығына орай құттықтауы

Құрметті достар, әріптестер, серіктестер!

Бүгін Қазақстан-Германия қатынастары тарихында маңызды күн – дипломатиялық қатынастардың орнатылғандығына 29-жыл.

Тарихи кезеңде бұл өте қысқа мерзім, дегенмен, егер Сіз өткен жол мен бүгінгі жетістіктерге көз жүгіртсеңіз, шамамен үш онжылдықта сенімді саяси диалог, парламентаралық ынтымақтастық, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, энергетика, денсаулық сақтау, көлік және логистика және басқа да маңызды салалардағы өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік орнатылды.

Мұның бәрі көбінесе біздің елдеріміздің басшыларының белсенділігі мен әртүрлі халықаралық іс-шаралар аясындағы өзара сапарлар мен кездесулердің жақсы жолға қойылуының арқасында мүмкін болды.

Еске алсақ, дипломатиялық қатынастар орнатылғаннан бері Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Германияға 8 сапар жасады (в 1992, 1997, 2001, 2004, 2007, 2009, 2012 және 2015 жж.), Президент Тоқаев президенттігінің бірінші жылында екі рет Германияға – 2019 жылдың желтоқсанында Берлинге және 2020 жылғы ақпанда жыл сайынғы Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысу үшін.

Өз тарапымыздан Федералдық Президенттер Р.Герцогті (1995 ж.), Х.Кёллерді (2008 ж.) және Ф.В.Штайнмайерді (2017 ж.), сондай-ақ Федералдық канцлерлер Г.Шрёдерді (2003 ж.) және А.Меркельді (2010 ж. шілде, желтоқсан) Қазақстанда қарсы алу біз үшін үлкен мәртебе болды.

Елдеріміздің сыртқы істер министрліктері арасындағы қалыптасқан сындарлы диалогты ерекше атап өткім келеді, мұны Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Респбликасы сыртқы істер министрлерінің үнемі сапарлар алмасуы, сондай-ақ сыртқы істер министрліктері арасындағы жыл сайынғы консультациялар дәлелдейді.

Тәуелсіздік кезеңінде Қазақстан Германиямен 35 келісім жасады, неміс инвесторларымен ынтымақтастықтың барлық салаларында өзара әрекеттесуді одан әрі дамыту және нығайту үшін сенімді негіз жасайтын экономикалық дипломатияның негізгі институттары – Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық жұмыс тобы, Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-герман іскерлік кеңесі, Неміс инвесторларымен ынтымақтастық  жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы құрылды.

Жоғарыда аталған институттармен қатар саясаткерлер, сарапшылар, бизнес құрылымдары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бейресми диалог алаңы – Берлин Еуразиялық Клубы бар.

Осы құрылымдардың белсенді қызметі арқасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың динамикасы сақталуда. Қазақстандық статистикаға сәйкес, 2019 жылы Германиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 331,9 млн АҚШ долларын құрды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 21,4% артық. Немістердің Қазақстан Республикасының экономикасына салатын инвестицияларының 90%-дан астамы «шикізаттық емес» секторға, атап айтқанда өңдеу өнеркәсібіне, химия өнеркәсібіне, құрылыс материалдары өндірісіне, көлікке және агроөнеркәсіптік кешеніне жұмсалуда.

2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен 969 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде: «Linde AG», «HeidelbergCement», «BASF», «Knauf», «Siemens», «Wilo», «Metro Cash and Carry», «CLAAS» және т.б.

Қазақстанда тұратын этникалық немістердің, Қазақстаннан келген неміс-қоныс аударушыларының, сондай-ақ Германиядағы қандастарымыздың өзара қарым-қатынасы аясында орнатылған қазақстан-герман мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа ерекше назар аударған жөн. Елдер арасындағы айтарлықтай қашықтыққа қарамастан, бұл топтар «тірі көпір» деп аталатын тығыз байланыстарын жалғастыруда.

Осы «тірі көпірді» қолдау үшін Үкіметаралық комиссия құрылды, оның шеңберінде жыл сайын білім беру, мәдени бірегейлікті және Қазақстанда неміс тілін сақтау мәселелері қарастырылады.

Достар!

Биыл Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 30-жылдығын, сондай-ақ халқымыздың денсаулығын қорғауға және әлемдік қоғамдастықтың құрметіне ие болуға кепілдік берген маңызды қадам болған Семей ядролық сынақ полигонының жабылуының 30-жылдығын атап өтеді.

Жыл басында біз Парламенттің төменгі палатасы – Мәжілістің жаңа құрамын сайладық, Мемлекет басшысы жариялаған халқымыздың әл-ауқатын одан әрі жетілдіруге бағытталған реформалардың Үшінші пакетін іс жүзінде жүзеге асыруға белсенді дайындалып жатырмыз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен неміс достарымызға, әріптестерімізге және серіктестерімізге, бұрынғы отандастарымызға және қандастарымызға жемісті ынтымақтастық үшін, сенім мен өзара түсіністікке негізделген әлем құруға бағытталған бастамаларымызды қолдағаны үшін алғыс білдіргім келеді және Сіздерді тағы да осы  айтулы күнімен құттықтаймын!