
Берлинде өткен жетінші «Шаңырақ астындағы кездесу» Ұлы даланың археологиялық мұрасына арналды
Германия астанасының орталығында «Шаңырақ астындағы кездесу» («Stammtisch unterm Schanyrak») жобасы аясында «Ұлы қазақ даласы – скиф алтынының жарқырауы және Еуразиядағы көшпелі мәдениеттердің ерте тарихы» тақырыбында жетінші кездесу өтті. Іс-шараға ғылыми қоғамдастықтың, музейлер мен мәдени ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның бай тарихи мұрасына қызығушылық танытқан азаматтар қатысты.
Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов өзінің сөзінде Ұлы даланың Еуразиядағы ежелгі өркениеттердің қалыптасуындағы негізгі орталықтардың бірі ретіндегі маңызын атап өтті. Ол археологиялық зерттеулер қазіргі Қазақстан аумағында орын алған тарихи үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік беретінін, сондай-ақ ғасырлар бойы дала кеңістігін мекендеген халықтардың мәдени мұрасының байлығын ашып көрсететінін атап өтті.
Дипломатиялық миссия басшысы соңғы онжылдықтардағы археологиялық жаңалықтарға тоқталды. Олардың қатарында бүкіл әлемге танымал Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», Шығыс Қазақстандағы Берел қорғандарынан табылған жәдігерлер және ерте көшпелі қоғамдардың даму деңгейінің жоғары болғанын айғақтайтын сақ дәуірінің өзге де ескерткіштері бар.
Берлиндегі Пруссияның мәдени мұра қоры құрамындағы Ұлттық музейлердің Тарихқа дейінгі кезең және ерте тарих музейінің ғылыми қызметкері, доктор Антон Гасс Шығыс Қазақстан аумағындағы археологиялық зерттеулер туралы баяндама жасады. Презентация барысында Тарбағатай және Жетісу өңірлеріндегі ескерткіштерді зерттеу нәтижелері таныстырылды. Аталған өңірлер Еуразиядағы ерте көшпелі мәдениеттерді зерттеуде маңызды орын алады. Сарапшы табылған артефактілердің маңызы және олардың Ұлы даланың кең-байтақ аумағында орын алған тарихи-мәдени үдерістерді түсінуге қосқан үлесі туралы айтып берді.
Германия археологиялық институтының докторы Финн Шнайдер 2025 жылы Қазақстанда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына қатысу тәжірибесімен бөлісті. Өз сөзінде ол далалық зерттеулердің барысына тоқталып, атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырды және археология саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың жоғары ғылыми әлеуетін атап өтті. Қатысушылардың ерекше қызығушылығын оның Қазақстандағы археологиялық нысандарда жұмыс істеу барысындағы жеке әсерлері тудырды.
Іс-шара барысында Ұлы даланың мұрасы бүгінгі күні де өзектілігін сақтап отырғаны, оның халықаралық мәдени диалог пен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.
Кездесу соңында қызу пікірталас пен сұрақ-жауап сессиясы өтті. Оның барысында қатысушылар көшпелі өркениеттердің Еуразия тарихындағы рөлі, заманауи археологиялық зерттеулер және ғылыми әрі мәдени салалардағы Қазақстан-Германия ынтымақтастығын одан әрі дамыту перспективалары туралы пікір алмасты.