Қазақстанның Германиядағы Елшісі Д.Кәріповтың германдық жетекші компаниялардың басшылығымен кездесулері барысында инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Д.Кәріповтың  германдық жетекші компаниялардың басшылығымен кездесулері барысында инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

КЁЛЬН, АХЕН, 2020 ж. 26 қараша – Солтүстік Рейн – Вестфалия федералдық жеріне жұмыс сапарының жалғасында Қазақстанның Германиядағы Елшісі Д.Кәріпов «LANXESS AG» және «Henry Lambertz GmbH & Co. KG» компанияларының штаб-пәтерлеріне барды.

«LANXESS AG» компаниясының Басқарма мүшесі доктор Анно Борковскимен және «Henry Lambertz GmbH & Co. KG» компаниясының иесі профессор Херманн Бюльбеккермен кездесулер барысында екіжақты ынтымақтастық пен компаниялардың қазақстандық нарығында болуын кеңейту мүмкіндіктері, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

Қазақстандық дипломат ҚР мен ГФР арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың мүмкіндіктері, инвесторларды қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалары, экономиканың инвестициялық әлеуеті бар секторлары туралы хабарлады. Д.Кәріпов Қазақстанда шетелдік инвесторларға ерекше назар аударылатынын және оларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтіп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Скляр басқаратын неміс инвесторларымен жұмыс жүргізуге арналған арнайы үкіметтік Жұмыс тобының қызметі туралы хабардар етті.

Компания басшылары қазақстандық тарап ұсынып жатқан екіжақты ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері мен инвестициялық жағдайға, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтар шеңберінде, қызығушылықтарын білдіріп, елімізде бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылауға дайын екендігін растады.

«LANXESS AG» – әлемдегі ең ірі химиялық компанияларының бірі. Компания шығаратын өнімдердің түрлеріне химиялық аралық өнімдер, қоспалар және арнайы химикаттар кіреді.

«Henry Lambertz GmbH & Co. KG» Еуропадағы жоғары сапалы кондитерлік өнімдер шығаратын жетекші кәсіпорныдарының бірі. Компанияның өнімдері бүкіл әлемге танымал.