Қазақстанның Германиядағы Елшісі Д.Кәріпов Солтүстік Рейн – Вестфалияға жұмыс сапары барысында жетекші неміс компанияларының басшылығымен кездесті

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Д.Кәріпов Солтүстік Рейн – Вестфалияға жұмыс сапары барысында жетекші неміс компанияларының басшылығымен кездесті

ЭССЕН, ЭМСБЮРЕН, БИЛЕФЕЛЬД, 2020 ж. 25 қараша – Солтүстік Рейн – Вестфалия федералдық жеріне жұмыс сапары барысында Қазақстанның Германиядағы Елшісі Д.Кәріпов «DMT GmbH & Co. KG» компаниясының Бас директоры доктор Майк Тидеманнмен, «Hermann Paus Maschinenfabrik GmbH» компаниясының басқарушы акционерлері Франц-Йозеф пен Вольфганг Паузбен және «DMG MORI AG» компаниясының Басқарма төрағасының бас уәкілі Маурис Эшвайлермен кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында Д.Кәріпов мемлекет басшылығының қазақстандық экономиканы диверсификациялау мен жаңғырту, шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарту, инвестициялық жағымдылықты күшейту жөніндегі шаралары туралы хабарлады. 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда  Президент Қ.Тоқаевтың Германияға  жасаған сапарлары нәтижелерінің бірі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Скляр басқарған неміс инвесторларымен жұмыс жөніндегі арнайы Жұмыс тобының құрылуы болып табылды. 

Компаниялар басшылығы мемлекеттер арасындағы түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың, бизнес өкілдерінің тікелей байланыстарын орнатудың маңыздылығын атап өтіп, ҚР аумағында бірлескен жобаларды, оның ішінде мамандардың біліктілігін арттыру саласында,  іске асырудың мүмкіндіктерін зерттеуге қызығушылықтарын білдірді.

Кездесулер барысында компаниялардың басшылығы өздерінің Қазақстанмен қалыптасқан ынтымақтастықтары туралы да хабарлады. Атап айтқанда, әлемге белгілі арнайы техника өндіруші «Hermann Paus Maschinenfabrik GmbH» компаниясының өнімдері елімізде құрылыс және тау-кен саласында кеңінен қолданылады. Тоқарлық, фрезерлік және тегістеу машиналарының әлемдегі жетекші өндірушісі болып табылатын «DMG MORI AG» қазақстандық кәсіпорындарға жабдықтар жеткізеді және қазақстандық техникалық университеттер алаңында оқыту семинарларын өткізеді.

Кездесулердің соңында Елші Д.Кәріпов «Hermann Paus Maschinenfabrik GmbH» мен «DMG MORI AG» компанияларының өндіріс орындарында болып, компаниялар шығаратын өнімдердің түрлерімен танысты.