Бремен университетінің профессоры Рольф Книпер Қазақстанда құқықтық реформаларын жүзеге асыруына қосқан үлесі үшін медальмен марапатталды

Бремен университетінің профессоры  Рольф Книпер Қазақстанда құқықтық реформаларын жүзеге асыруына қосқан үлесі үшін медальмен марапатталды

МАЙНДАҒЫ ФРАНКФУРТ, 2020 жылғы 24 қараша – Гессен федералдық жеріне жұмыс сапарымен барған ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дəурен Кәріпов Бремен университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, Германия мен Қазақстанда азаматтық құқық мəселелері бойынша танымал маман, Қазақстандағы М.С.Нарықбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің құрметті профессоры Рольф Книпермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Елші Д.Кәріпов пен Р.Книпер екі жақты құқықтық ынтымақтастық, соның ішінде ғылыми зерттеу жəне университеттегі оқытушылық мəселелерін талқылап, Германияның азаматтық жəне экономикалық заңнамаларды жетілдірудегі тəжірибесі туралы пікір алмасты. Өз сөзінде неміс заңгері   еліміздегі заңның үстемдік ету қағидаларына бағытталып жүргізілген құқықтық реформаларға сарапшылық тұрғыдан жоғары баға берді. 

Кездесу соңында Елші Д.Кәріпов профессор Р.Книперді Қазақстан Республикасы Конституциясының  25 жылдығына орай ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша марапаттап, еліміздегі конституциялық негіздерді дамытуға  жəне  Қазақстан-Герман ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс ретінде «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» медалін тапсырды.

1996 жылдан 2005 жылға дейін Р.Книпер Техникалық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының  (GTZ) «Өтпелі экономикалы елдердегі жеке құқық саласындағы заңнамаларды дамыту» жобасына жетекшілік етті жəне осы жоба аясында Қазақстанда азаматтық жəне экономикалық реформалар бойынша жұмыстар  жүргізген болатын.

Ақпарат ретінде: «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 ақпандағы № 261 Жарлығы негізінде Қазақстанның азаматтары мен шетел азаматтарын конституциялық реформаларын өткізу барысында елеулі үлестерін қосқан үшін тағайындалды. Р.Книпер наградтау туралы тиісті жарлыққа ҚР Президенті 2020 жылғы 20 тамызда қол қойды.