Хоф университетінің Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтының құрылтайшылары қатарына қосылуы туралы келісімге Берлинде қол қойылды

Хоф университетінің Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтының құрылтайшылары қатарына қосылуы туралы келісімге Берлинде қол қойылды

Берлин, 2026 жылғы 1 маусым – Бүгін Берлинде Қазақстан мен Германияның жоғары оқу орындарының басшыларының қатысуымен кездесу өтті. Бұл жиын екі ел арасындағы білім беру және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Іс-шараға Қазақ-Неміс университетінің президенті, профессор Вольрад Роммель, Хоф университетінің президенті, профессор Юрген Леман, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры, профессор Берік Ахметов, сондай-ақ Қазақстан мен Германияның академиялық қауымдастығының өкілдері қатысты.

Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов білім, ғылым және инновациялар саласындағы өзара іс-қимылдың қазақ-герман байланыстарында ерекше орын алатынын атап өтті. Елші Ақтаудағы Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтының (KINI) қарқынды дамуын жоғары бағалап, институттың серіктестер қатарының артуы сұранысқа ие мамандар даярлауға және болашағы зор ғылыми жобаларды жүзеге асыруға тың мүмкіндік ашатынына сенім білдірді.

Жиын барысында сөз сөйлеген профессор Вольрад Роммель 2023 жылы екі жоғары оқу орнының бастамасымен құрылған KINI қызметінің нәтижелерімен таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі таңда институтта 148 студент білім алуда, ал алдағы оқу жылында тағы шамамен 150 талапкерді қабылдау жоспарланып отыр. Сонымен қатар ол халықаралық білім беру үлгісіне тоқталып, студенттердің оқуын Қазақ-Неміс университетінде және Германиядағы серіктес оқу орындарында жалғастырып, қос диплом алу мүмкіндігіне ие екенін айтты.

Профессор Берік Ахметов институтты дамыту бағытында Yessenov University қол жеткізген жетістіктерді таныстырып, KINI-дің жаңа буын инженерлерін даярлаудағы маңызын ерекше атап өтті. Ол Ақтауда заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ энергетикалық трансформация, жасыл технологиялар, логистика және тұрақты өнеркәсіп бағыттары бойынша оқу бағдарламаларын жетілдіру жұмыстары туралы айтты.

Өз кезегінде профессор Юрген Леман әріптестікті одан әрі тереңдетуге қатысты көзқарасымен бөлісіп, Хоф университетінің қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Оның пікірінше, күш-жігерді біріктіру сутегі энергетикасы, орнықты технологиялар және қолданбалы зерттеулер сияқты салаларда өзара байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Кездесудің негізгі оқиғасы – Хоф университетінің (Бавария, Германия) Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтының үшінші құрылтайшысы ретінде қосылуы жөніндегі құжаттарға қол қойылуы болды. Бұл шешім KINI-дің халықаралық беделін арттырып, академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және әлемдік талаптарға сай білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.

Бүгінде KINI тек білім беру бастамасы ғана емес, сонымен қатар ғылыми тәжірибе алмасуға, инновациялық шешімдерді енгізуге және Қазақстан мен Германия арасындағы ұзақ мерзімді серіктестікті нығайтуға ықпал ететін тиімді алаңға айналып отыр.

Анықтама: Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті (Yessenov University) – Маңғыстау өңіріндегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Университет инженерия, мұнай-газ саласы, көлік, логистика және теңіз технологиялары бағыттары бойынша мамандар даярлайды. Сонымен қатар халықаралық байланыстарды кеңейтіп, ғылыми-зерттеу қызметін белсенді түрде дамытып келеді.

Қазақ-Неміс университеті (DKU) – жоғары білім беру саласындағы қазақ-герман ынтымақтастығының ең табысты үлгілерінің бірі. Оқу орны Германияның жетекші университеттерімен серіктестікте білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып, халықаралық академиялық стандарттарға сәйкес кадрлар даярлайды.

Хоф университеті (Hochschule Hof) – Бавариядағы қолданбалы ғылымдар университеті. Оқу орны тұрақты технологиялар, сутегі энергетикасы, цифрландыру және қолданбалы зерттеулер бағыттарына маманданған. Университет халықаралық ғылыми-білім беру жобаларының белсенді қатысушысы болып табылады.