Берлиндегі студенттік форум: диалог, спорт және Қазақстан жастары үшін жаңа мүмкіндіктер

Берлиндегі студенттік форум: диалог, спорт және  Қазақстан жастары үшін жаңа мүмкіндіктер

Берлин, 2026 жылғы 15 мамыр – Бүгін Берлинде неміс университеттерінде білім алып жатқан қазақстандық студенттерді біріктірген Студенттік форум өтті. Іс-шара Қазақстанның өзекті даму мәселелерін талқылауға, ашық диалог орнатуға және шетелде білім алып жатқан жастармен байланыстарды нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.

Форум спорттық бөлімнен басталып, оның аясында футбол және волейбол бойынша достық жарыстар ұйымдастырылды. Қатысушылар жоғары командалық рухты, өзара қолдауды және бірлікке ұмтылысты көрсетті.

Іс-шараның ресми бөлімінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов сөз сөйлеп, студенттердің шетелде Қазақстанның заманауи бейнесін ілгерілетудегі ерекше рөлін атап өтті және Отанмен тығыз байланысты сақтаудың маңыздылығына назар аударды.

Іс-шара барысында дипломаттар елде әділеттілік, ашықтық және заң үстемдігі қағидаттарына негізделген ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының негізгі ережелеріне, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуге және жастардың кәсіби өзін-өзі жүзеге асыруына арналған жаңа мүмкіндіктерге ерекше көңіл бөлінді.

Форум қатысушылары алдында Германия Бундестагы стипендиялық бағдарламасының иегері Зарина Есбулатова да сөз сөйлеп, халықаралық білім беру және парламенттік бастамаларға қатысу тәжірибесімен бөлісті. Ол қазіргі қазақстандық жастардың жоғары әлеуетке ие екенін және халықаралық аренада елді лайықты таныстыра алатынын атап өтті.

«Болашақ» халықаралық бағдарламасының тағылымдамашысы, жас биолог-ғалым Ақнұр Шамғалиева жас мамандарға арналған ғылыми және білім беру мүмкіндіктері туралы айтып, Қазақстанда адами капиталды дамыту мен жас зерттеушілерді қолдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Елшілік тарапынан Қазақстандағы жұмысқа орналасу перспективалары, мемлекеттік қызметтің артықшылықтары, кәсіпкерлікті қолдау шаралары және бизнес пен инновациялық жобаларды дамытуға қолайлы жағдайлар туралы ақпарат ұсынылды.

Форум қатысушылары Қазақстандағы жұмысқа орналасу және кәсіби дамуға қатысты мүмкіндіктерге үлкен қызығушылық танытып, сұрақ-жауап сессиясына белсенді қатысты.

Іс-шара соңында спорттық жарыстардың жеңімпаздарын кубоктармен және дипломдармен марапаттау рәсімі өтті.