
Берлин, 2026 жылғы 9 мамыр – Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Нұрлан Онжанов ТМД мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларымен бірге Берлиндегі Трептов- саябағындағы «Жауынгер-азат етуші» мемориалына, сондай-ақ Тиргартендегі қаза тапқан кеңес жауынгерлеріне арналған мемориалға гүл шоқтары рәсімдеріне қатысты.
Еске алу іс-шаралары барысында қатысушылар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан миллиондаған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, бейбітшілік пен келер ұрпақтың болашағы жолында ерлік, батылдық және жанқиярлық танытқан сарбаздар мен офицерлердің рухына тағзым етті.
Екінші дүниежүзілік соғыс Қазақстанның тарихи жадында ерекше орын алады. Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстан фашизмге қарсы ортақ Жеңіске зор үлес қосты. Қазақстандықтар майдан далаларында, партизандық қозғалыста және соғыстың әртүрлі аймақтарындағы жауынгерлік тапсырмаларды орындау барысында ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсетіп, өз есімдерін Жеңіс тарихына мәңгілікке жазды.
Қазақстандықтардың ерлік шежіресінде дара тұлғалардың бірі – Рақымжан Қошқарбаев. Ол 1945 жылғы 30 сәуірде Берлиндегі Рейхстаг ғимаратының үстіне Жеңіс туын алғашқылардың бірі болып тіккен. Оның батылдығы мен табандылығы қазақстандық жауынгерлердің соғыстың соңғы кезеңіне және ортақ Жеңіске қосқан үлесінің жарқын көрінісіне айналды.
Жеңімпаз ұрпақтың ерлігі әрдайым бірлік, төзімділік және жанқиярлықтың символы болып қала береді. Қазақстан соғыс қаһармандарының рухына деген құрметті сақтай отырып, тарихи шындықты қорғауға, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге және халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді.