
Росток, 2026 жылғы 5 мамыр – Мекленбург – Алдыңғы Померания федералдық жерінің ең ірі қаласында Ростокта Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Ашылу рәсіміне Мекленбург Алдыңғы Померания федералдық жерінің экономика, инфрақұрылым, туризм және еңбек жөніндегі статс-хатшысы Йохен Шульте, Ішкі істер және құрылыс министрлігінің статс-хатшысы Ина-Мариа Ульбрих, Батыс Померания мен Шығыс Мекленбург бойынша парламенттік статс-хатшы Хайко Мирас, Росток қаласының обер-бургомистрі Ева-Мария Крёгер, сондай-ақ жергілікті саяси, іскерлік және қоғамдық топтардың өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Өз сөзінде Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Нұрлан Онжанов екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейін атап өтіп, өңіраралық өзара іс-қимыл мен іскерлік байланыстардың артып келе жатқан рөліне назар аударды. Ол Құрметті консулдықтың ашылуы экономикалық, инвестициялық, гуманитарлық және өңіраралық байланыстарды ілгерілетудің тиімді құралына айналатынына, сондай-ақ өңірде қазақстандық бизнестің қатысуын кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Статс-хатшы Й.Шульте Ростокта Құрметті консулдықтың ашылуы герман-қазақстан қатынастарын одан әрі нығайтудың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл қадам екі ел арасындағы әріптестіктің орнықты дамуын көрсетіп, өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетуге және іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Іс-шара барысында Росток қаласындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Йоханн Киллингерге консулдық патент табысталды. Йоханн Киллингер «Buss Group GmbH» компаниясының басқарушы серіктесі болып табылады, сондай-ақ 2013 жылдан бері Гамбург федералдық жеріндегі Қазақстан Республикасының Құрметті консулы қызметін атқарып келеді. Ол өңірлік деңгейде қазақстан-герман гуманитарлық, экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосты.
Бұл тағайындау Й.Киллингердің консулдық округін Мекленбург – Алдыңғы Померания, Гамбург және Шлезвиг-Гольштейн федералдық жерлерін қамти отырып кеңейту аясында жүзеге асырылды. Құрметті консулдың қызметі (консулдық іс-әрекеттерді жүзеге асырмай) Мекленбург – Алдыңғы Померания, Гамбург және Шлезвиг-Гольштейн федералдық жерлеріне таралатын болады.
Іс-шара қонақтары Құрметті консулдықтың бизнес, ғылым және мәдениет өкілдері арасындағы диалог үшін маңызды алаңға айналатынына, сондай-ақ Қазақстан мен Германия халықтары арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Салтанатты рәсімнің соңында қатысушылар бейресми түрде пікір алмасып, оның барысында одан әрі ынтымақтастықтың перспективалары талқыланып, өңірлік деңгейде әріптестік байланыстарды дамыту бойынша нақты қадамдар айқындалды.