
Астана, 2026 жылғы 23 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде «Орнықты дамуға бірлесіп қол жеткізу: жасыл болашақ жолындағы Қазақстан-Германия стратегиялық әріптестігі» тақырыбында Берлин Еуразиялық клубының 46-отырысы өтті. Іс-шара Өңірлік экологиялық саммит аясында ұйымдастырылып, екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастығының және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Кездесуде климаттық күн тәртібі мен орнықты даму мәселелері талқыланды.
ҚР Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев құттықтау сөзінде Берлин Еуразиялық клубы 2012 жылдан бері диалогтан нақты бірлескен жобаларды іске асыруға көшуді қамтамасыз ететін тиімді алаң ретінде өзін дәлелдегенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Германия арасындағы қарым-қатынастар сенімге, прагматизмге және ұзақ мерзімді мүдделердің үндестігіне негізделген жетілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Бұл байланыстар жоғары деңгейдегі саяси диалог пен өзара сапарлардың арқасында қосымша серпін алған. Германия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы негізгі серіктестерінің бірі болса, Қазақстан Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың маңызды орталығы ретінде танылып отыр.
Қазақстандық дипломаттың айтуынша, климаттың өзгеруі жағдайында су ресурстары экономикалық даму, азық-түлік қауіпсіздігі және өңірлік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін стратегиялық ресурсқа айналуда. Әсіресе Орталық Азия үшін бұл мәселе өзекті болып табылады. Қазақстан су қауіпсіздігін мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде қарастырып, салалық министрлік құру, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық және су үнемдеу технологияларын енгізу сияқты жүйелі шараларды жүзеге асыруда.
Осы тұрғыда «С5+Германия» форматы мен «Green Central Asia» бастамасы аясындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, Германияның өңірдегі су және климаттық күн тәртібін дамытуға қосқан үлесі жоғары бағаланды. Қазіргі таңда Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ілгерілетіп, халықаралық серіктестердің қолдауына үміт артады.
Германия экономикасының Шығыс комитетінің басқарма төрайымы Катрина Клаас-Мюльхойзер Қазақстанның реформалар жүргізудегі тұрақты серпінін және экономиканы жаңғыртуға деген ұмтылысын атап өтті. Ол су ресурстарының ауыл шаруашылығы, энергетика және өңірлік тұрақтылық үшін стратегиялық маңызын, сондай-ақ су секторындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқан рөлін ерекше атап өтті. Перспективалы бағыт ретінде инновациялар, цифрландыру және кадр даярлау платформасы ретінде Kazakh-German Water Hub құру ұсынылды. Сонымен қатар технологияларды, инвестицияларды және адами капиталды дамытуға негізделген кешенді тәсілдің қажеттілігі айтылды.
Тараптар инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды бірлесіп іске асыру, ғылыми-зерттеу бастамаларын дамыту және өңірлік климаттық күн тәртібін ілгерілету бағыттарында ынтымақтастықты кеңейту үшін елеулі әлеуетке ие екендерін растады.
Екі панельдік сессия барысында қатысушылар азық-түлік қауіпсіздігі,
су ресурстарын басқару, климаттық тұрақтылық мәселелерін талқылап,
«Green Central Asia» бастамасын өңірлік қауіпсіздік пен экологиялық ынтымақтастықты нығайтудың тиімді құралы ретінде қарастырды. Сондай-ақ озық технологиялар алмасу және салааралық өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отырыс қорытындысы Қазақстан мен Германияның серіктестікті тереңдетуге және орнықты болашаққа бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделі екенін тағы да растады. Аталған жобалар экологиялық жауапкершілікті арттыруға және жаһандық климаттық сын-қатерлерге тиімді жауап беруге бағытталған.
Іс-шара қорытындысы бойынша ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Германияның Қоршаған орта мәселелері жөніндегі тәуелсіз институты арасында, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен аталған институт арасында; Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен осы институт арасында; сондай-ақ «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ, German Water Partnership Неміс су қауымдастығы және «System S&P GmbH» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Қорытындылай келе, тараптар су үнемдеу, су ресурстарын басқаруды цифрландыру және «жасыл» энергетиканы, оның ішінде сутегі технологияларын дамыту салаларындағы бірлескен бастамаларды белсенді іске асыруға дайын екендерін білдірді. Әріптестіктің тиімділігі мен оның Орталық Азияның орнықты дамуына қосатын үлесі нақты жобаларды іске асыру деңгейімен айқындалатыны атап өтілді.
Анықтама ретінде: Берлин Еуразиялық клубы - Қазақстан, Германия және Еуропалық Одақ елдері арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мақсатында құрылған халықаралық диалог алаңы. Клуб мемлекеттік органдар, бизнес, ғылыми-сараптамалық қауымдастық және халықаралық ұйымдар арасында экономика, орнықты даму, энергетика, экология және өңірлік қауіпсіздік мәселелері бойынша ашық пікір алмасуға мүмкіндік береді.
Клубтың негізгі мақсаты - өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу, экономикалық байланыстарды нығайту және орнықты даму мен ұзақ мерзімді тұрақтылыққа бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілету.