Неміс сарапшылар Қазақстанның БҰҰ құрылымы аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын талқылады

Неміс сарапшылар Қазақстанның БҰҰ құрылымы аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын талқылады

Берлин, 2026 жылғы 25 наурыз – Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінде «Су – жаһандық қауіпсіздіктің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға су ресурстары, экология, климат және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне маманданған мемлекеттік органдардың, ведомстволар мен ғылыми-зерттеу институттарының неміс сарапшылары қатысты.

Іс-шараның негізгі тақырыбы жаһандық су басқаруын нығайту, қолданыстағы институционалдық алшақтықтарды еңсеру және су саласындағы көпжақты ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылау болды.

Қатысушылардың ерекше назары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен БҰҰ аясында Халықаралық

су ұйымын құру бастамасына аударылды.

Талқылау барысында халықаралық қауымдастықтың көпжылдық

күш-жігеріне қарамастан, әлем әлі де су және климат салаларындағы күрделі

сын-қатерлерге тап болып отырғаны атап өтілді. Атап айтқанда, шамамен 2,2 млрд адам қауіпсіз ауыз суға қол жеткізе алмай отыр, ал 3,5 млрд-тан астам адам тиісті санитарлық жағдайлардан қағылған. Сонымен қатар, су ресурстарының жедел сарқылуы, тұтынудың артуы және экожүйелердің деградациясы жаһандық тұрақсыздық тәуекелдерін күшейтуде.

Қатысушылар Халықаралық су ұйымын құру БҰҰ жүйесін реформалау жолындағы маңызды қадам бола алатынын атап өтті.

Сондай-ақ, неміс серіктестер алдағы Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындық барысымен таныстырылды. Аталған алаң су қауіпсіздігі мен орнықты даму мәселелері бойынша үйлестірілген тәсілдерді қалыптастыруда маңызды рөл атқармақ.

Өзінің сөз сөйлеуінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов су дипломатиясын нығайту, су ресурстарын орнықты басқаруды дамыту және осы саладағы жаһандық күн тәртібін ілгерілету бойынша мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы жан-жақты баяндады.

Қазақстанның климаттық ерекшеліктері бар және трансшекаралық су ресурстарына тәуелді ел ретінде су қауіпсіздігі мәселелеріне ұлттық әрі халықаралық деңгейде басымдық беретіні атап өтілді.

Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар жаһандық су басқарудың тиімді әрі заманауи архитектурасын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды бірлесіп ілгерілету және диалогты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік білдірді.