
Берлин, 2026 жылғы 24 наурыз – Берлинде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Германияның Федералдық азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігіне табыстаған қызғалдақ пиязшықтарын отырғызу рәсімі өтті.
Іс-шараға Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов пен Германияның Федералдық азық-түлік және ауыл шаруашылығы министрлігінің Статс-хатшысы Маркус Шик қатысты.
Өз сөзінде Статс-хатшы Еуропада көктемнің танымал символдарының біріне айналған қызғалдақтардың тарихи отаны қазіргі Қазақстан аумағы екенін атап өтті. Ол Қазақстан үкіметіне алғыс білдіріп, мұндай бастамалардың сенімді нығайтып, екіжақты ынтымақтастықтың дамуына ықпал ететінін жеткізді.
Қазақстанның Германиядағы дипломатиялық миссиясының басшысы Н.Онжанов Наурыз мерекесі күндері өткізіліп отырған бұл рәсімнің ерекше мәнге ие екенін, оның жаңару, үйлесім және халықтар достығы идеяларын бейнелейтінін атап өтті.
Ресми бөлімнен кейін дәстүрлі қазақ музыкасы шырқалып, көктемгі мерекелік көңіл күй мен мәдени жақындастық атмосферасын қалыптастырды.
Рәсімнің шарықтау шегі ретінде гүл пиязшықтарын бірлесіп отырғызу өтті. Бұл әрекет серіктестік, бірлік және екі елдің жарқын болашаққа деген ұмтылысын білдіреді.
Отырғызылған қызғалдақтар Қазақстан мен Германия арасындағы достықтың жарқын символына айналып, Наурыз мерекесінің негізінде жатқан жаңару, өзара құрмет және ынтымақтастық құндылықтарын айқындай түсті.