
БОНН және КОБЛЕНЦ, 2020 жылғы 5 қарашада – Германияның өңірлік муниципалитеттеріне жұмыс сапары барысында ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов Рейнланд-Пфальц жерінің Конституциялық Соты мен Жоғарғы әкімшілік сотының Төрағасы Ларс Брокермен және Германия халықаралық құқықтық ынтымақтастық қорының (IRZ) Қазақстандағы жобаларды үйлестірушісінің орынбасары Елена Филиппсенмен кездесулер өткізді.
Сот-құқық саласындағы өзара іс-қимыл тақырыптарына арналған мазмұнды кездесулердің соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша қазақстандық дипломат неміс қайраткерлеріне еліміздің конституциялық негіздерін дамытуға және екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлестері үшін ризашылық белгісі ретінде «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалін табыс етті.
Лауреаттар жоғары награда үшін Қазақстан басшылығына алғыстарын білдіріп, біздің елімізге демократиялық даму мен саяси жаңғыру жолында, сондай-ақ ҚР Конституциясында белгіленген қағидаттарды одан әрі табысты іске асыруда жетістіктер тіледі.
Ақпарат ретінде: «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалі Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 8 ақпандағы № 261 Жарлығы негізінде Қазақстанның азаматтары мен шетел азаматтарын ҚР Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етуге, ел тәуелсіздігін, қазақстандық қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайтуға, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, конституционализмнің идеялары мен қағидаттарын қалыптастыруға және дамытуға елеулі үлесі үшін көтермелеу мақсатында тағайындалды. Л.Брокер және Е.Филиппсенді наградтау туралы тиісті жарлыққа ҚР Президенті 2020 жылғы 20 тамызда қол қойды.