Қазақстан халықаралық туристік аренада ұсынылды: серіктестіктің жаңа көкжиектері

Қазақстан халықаралық туристік аренада ұсынылды: серіктестіктің жаңа көкжиектері

 

Берлин, 2026 жылғы 5 наурыз – 3-5 наурыз аралығында Қазақстан өзінің туристік әлеуетін таныстыру, іскерлік байланыстарды кеңейту және неміс әрі халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды алаңға айналған мерейтойлық 60-шы Халықаралық ITB Berlin туристік көрмесіне қатысты.

Қазақстан делегациясы мемлекеттік органдардың бейінді комитеттері басшылығынан, «ҰК Kazakh Tourism»» АҚ ұлттық компаниясынан, Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Жетісу облыстарының, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларының туризм басқармалары өкілдерінен, қазақстандық жетекші туроператорлардан құралды. Аталған шара халықаралық алаңда еліміздің туристік әлеуетін жан-жақты таныстыруға мүмкіндік берді. 

Көрме аясында Германия Орталық Азия парламенттік достық тобының төрағасы Кристиан Гёрке, ГФР-дың Федералдық экономика және энергетика министрлігінің өкілдері, салалық қауымдастықтары, сондай-ақ неміс және халықаралық туристік компаниялары қазақстандық павильонының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Құттықтау сөзінде ҚР ГФР-дағы Елшісі Нұрлан Онжанов туризм саласындағы қазақстан-герман ынтымақтастығын тереңдетудің әлеуетін атап өтіп, неміс туристерінің Қазақстанға деген қызығушылығының тұрақты өсіп келе жатқанын айтты. Дипломат іскерлік және гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің, сондай-ақ саланы цифрландырудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Маңызды оқиғалардың бірі Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Германияның туристік қауымдастығы (DRV) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуын атап өтіге болады. Құжат туризм саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейтуді және 2026 жылы Астана қаласында fvwTravelTalk медиаплатформасының қатысуымен беделді салалық «Destination Forum» іс-шарасын өткізуді көздейді.

Берлинге сапар барысында қазақстандық делегация бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді. Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Н.Байжанов және «ҰК Kazakh Tourism»» АҚ төрағасы Т.Газизов Германия Федералдық үкіметінің теңіз экономикасы және туризм жөніндегі үйлестірушісі доктор Кристоф Плосспен, сондай-ақ туризм саласындағы Федералдық құзырет орталығының басшысы профессор, доктор Хайнц-Дитер Куакпен кездесті. Тараптар тұрақты туризмді дамыту, саланы цифрландыру және ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Шығыс Қазақстан облысы туризм басқармасы басшысының орынбасары И.Смит Германияның туристік қауымдастығы DRV президенті А.Лойдлмен, Германия туристік компаниялары альянсының халықаралық байланыстар жөніндегі жетекшісі Д.Мейермен және Германияның жетекші туроператорларымен кездесуін өткізді. Келіссөздер кәсіби байланыстарды нығайтуға, бірлескен жобаларды дамытуға және Германия туристік нарығына қазақстандық операторлардың қатысуын кеңейту арқылы неміс туристерінің Қазақстанға келу ағынын арттыруға бағытталды.

Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының презентациясы ерекше назар аудартты. Аталған ұйым алғаш рет медициналық және сауықтыру туризмі бағыттарын таныстырды.

Көрме барысында «Astana Tourism» Global Healthcare Travel Council, Bundesverband Selbständiger Reiseunternehmen және Сауд Арабиясы Корольдігінің Health Tourism Association ұйымдарымен үш ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісімдер халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазақстанның ITB Berlin 2026 халықаралық көрмесіне қатысуы неміс туристік құрылымдарымен стратегиялық әріптестікті нығайтып, еуропалық нарықтың елге деген жоғары қызығушылығын дәлелдеп, Қазақстанның туристік әлеуетін одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.