
Берлин, 2026 жылғы 16 қаңтар – Бүгін Берлин қаласында агроөнеркәсіп және су секторларындағы неміс компанияларының, сондай-ақ «Global Forum for Food and Agriculture» (GFFA) халықаралық конференциясына қатысу үшін Германияға келген қазақстандық делегацияның қатысуымен «Kazakhstan–Germany Agro & Water Nexus» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрлан Онжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Германияның Федералдық ауыл шаруашылығы, азық-түлік және отан министрлігінің (BMLEH) статс-хатшысы Маркус Шик, сондай-ақ Германия агробизнес альянсының (GAA) Орталық Азия бойынша спикері Дирк Штратманн құттықтау сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел бағдарламасына технологиялық трансферт пен орнықты агрожүйелерді дамыту перспективаларына, су үнемдейтін шешімдерді енгізуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығын цифрландыру мәселелеріне арналған үш панельдік пікірталас кірді.
Іс-шараға екі елдің бизнес, ғылыми орта өкілдерінің, жеке сектор мен сарапшылар қауымдастығының 40-тан астам өкілі қатысты.
Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы экономикалық өсімнің, технологиялық жаңғырудың және елдің экспорттық әлеуетін арттырудың негізгі драйверлерінің біріне айналуы тиіс екенін ерекше атап өткен болатын. Бұл ретте басымдық тек өндіріс көлемін ұлғайтуға ғана емес, ең алдымен өнім сапасына, орнықтылыққа, терең өңдеуге және инновацияларды енгізуге беріледі.
Осы тұрғыда Германиямен ынтымақтастықтың маңызы ерекше. Қазақстан мен Германия агроинжиниринг, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, органикалық егіншілік, тұқым шаруашылығы, сондай-ақ неміс сапа стандарттары мен су үнемдейтін технологияларды енгізу салаларында бірлескен жобаларды табысты жүзеге асырып келеді.
Неміс компаниялары Қазақстанда белсенді жұмыс жүргізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуда, озық технологияларды енгізуде және қосылған құны жоғары жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастыруда. Іске асырылып жатқан бірлескен бастамалар нақты нәтижелер көрсетіп, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті жүйелі түрде тереңдетуге берік негіз қалайды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар орнықты егіншілік, тұқым шаруашылығы, технологиялық трансферт, су инфрақұрылымын жаңғырту және ауыл шаруашылығындағы су ресурстарын басқару, сондай-ақ жетік технологияларды енгізу сияқты басым бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.