Нюрнбергтегі кездесу: Қазақстан мен Орта Франконияның тұрақты әріптестігі

Нюрнбергтегі кездесу: Қазақстан мен Орта Франконияның тұрақты әріптестігі

Нюрнберг, 2025 жылғы 9 желтоқсан – Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов Нюрнберг – Орта Франкония метрополь аймағына жұмыс сапарымен барып, Нюрнберг қаласының бургомистрі Маркус Кёнигпен келіссөздер жүргізді.
Тараптар логистика, жоғары және кәсіптік-техникалық білім, мәдениет және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Рейн–Майн–Дунай өзен жүйелерінің тоғысында орналасқан Нюрнберг порты Германия мен Еуропадағы маңызды көлік торабы ретінде логистикалық байланыстарда үлкен рөл атқарады.

Сапар аясында Елші Нюрнберг – Орта Франкония метрополь аймағының Сауда-өнеркәсіп палатасының жылдық жиынында Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті туралы баяндама жасады.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өндірісі, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, туризм сияқты қарқынды дамып келе жатқан салалардағы кооперацияның перспективалары таныстырылды.

Н.Онжанов 2026 жылы Нюрнбергте Орталық Азияның экономикалық әлеуетіне арналған экономикалық форум ұйымдастыруды ұсынды және аймақ компанияларын Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Іс-шараға өңірдің шамамен 100-ге жуық бизнес өкілі қатысты.
Нюрнберг – Орта Франкония метрополь аймағының Сауда-өнеркәсіп палатасы 140 000 компанияны біріктіреді және Германиядағы ең ірі палаталардың бірі болып табылады.

Бавария Германияның федералдық жерлері арасында Қазақстанның жетекші экономикалық әріптесі саналады. Екі ел арасындағы тауар айналымының шамамен жартысы осы өңірдің үлесіне тиеді.