
Берлин, 2025 жылғы 2 желтоқсан – Германияға жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Қазақстан мен Германия арасындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар кездесулер өткізді.
Бундестаг депутаты, «Германия – Орталық Азия» парламенттік тобының төрағасы Кристиан Гёркемен өткен әңгіме барысында А. Исетов Қазақстанның Германиямен парламенттік ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі екенін атап өтті. Бұл жұмыс депутаттар арасындағы тікелей байланыстарды да, тиісті парламенттік комитеттер деңгейіндегі өзара іс-қимылды да қамтитынын жеткізді.
Ол сондай-ақ парламенттік диалогты кеңейту екіжақты түсіністікті тереңдетуге және практикалық ынтымақтастықтың қосымша тетіктерін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Осыған байланысты А. Исетов неміс тарапына ыңғайлы уақытта Қазақстанда К.Геркені және парламенттік топ мүшелерін қабылдауға дайын екенін білдірді.
Өз кезегінде Бундестаг депутаты екі ел арасындағы өзара қатынастардың конструктивті сипатын атап өтіп, мемлекетаралық байланыстардың тұрақты дамуын жоғары бағалады. Сонымен қатар ол парламенттік диалогты одан әрі нығайтуға және өзара қызығушылық тудыратын салаларда сындарлы ынтымақтастықты кеңейтуге ниет білдірді.
Қазақстан-герман іскерлік кеңесінің тең төрағасы, Германия экономикасы Шығыс комитетінің директоры Михаэль Хармспен өткен кездесуде экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту және экономикасының басым секторларындағы жаңа жобалардың әлеуеті талқыланды.
Тараптар сауда-экономикалық байланыстардың динамикасына және герман инвестицияларын Қазақстан экономикасының маңызды салаларына тарту перспективаларына тоқталды.
А. Исетов Германия бизнесімен ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту үшін Қазақстан дәйекті түрде қолайлы жағдай қалыптастырып отырғанын атап өтті. Бұл жұмыс инвестициялық климатты жақсартуды, индустриялық бастамаларды қолдауды және инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілетуді қамтитынын жеткізді. Ол сондай-ақ герман компанияларының Қазақстандағыүлесін арттыруға қызығушылық бар екенін атап өтті.
Өз кезегінде М. Хармс Германия экономикасы Шығыс комитетінің ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін мәлімдеп, герман компанияларының Қазақстан нарығында жұмыс істеуге жоғары қызығушылық танытып отырғанын айтты. Ол Қазақстанның Германия үшін Орталық Азиядағы негізгі экономикалық әріптес болып қала беретінін және өзара тиімді жобаларды іске асыруға айтарлықтай мүмкіндік ұсынатынын атап өтті.