Қазақстан мен Германия сыртқы саяси диалогты нығайтуда

Қазақстан мен Германия сыртқы саяси диалогты нығайтуда

Берлин, 2025 жылғы 2 желтоқсан – Сейсенбі күні Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрліктері арасында кезекті консультациялар өтті. Қазақстан делегациясына ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов, ал Германия тарапына ГФР СІМ-нің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі уәкілетті өкілі Никлас Вагнер жетекшілік етті.

Келіссөздер барысында тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, 2025 жылғы бірлескен жұмыстың қорытындылары шығарылып, ағымдағы жобалардың жүзеге асырылу барысы мен екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары қарастырылды.

Бұдан әрі, Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар өңіраралық бастамалардың тұрақты дамуын атап өтіп, практикалық өзара іс-қимылды тереңдету мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Орталық Азия мен Германия арасындағы стратегиялық өңірлік әріптестік (С5+1) шеңберінде экологиялық күн тәртібі, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын басқару мәселелері талқыланды. Қазақстан және Германия тараптары өңірдің тұрақты дамуын қолдау жолында бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте олар экология мен су дипломатиясы салаларындағы бірқатар ортақ жобаларды жүзеге асырудың өзекті екеніне назар аударды.

Осыған байланысты С5+1 форматы шеңберіндегі әрі қарайғы өзара іс-қимылды талқылау мақсатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары
А. Исетов пен Германия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрлігінің саяси директоры Д. Муттер арасында екіжақты кездесу өтті.

Сонымен қатар, консультациялар барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты тереңдету перспективалары талқыланды. Әңгіме сауда-экономикалық өзара іс-қимыл, инфрақұрылымдық және көлік байланыстылығы, цифрлық технологиялар және энергетикалық әріптестік мәселелерін қамтыды.

Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тараптар жаһандық геосаяси ахуал жөнінде пікір алмасып, конструктивті диалогты, халықаралық құқықты және көпжақтылық қағидаттарын берік ұстанатынын растады.

Кездесу қорытындысында тараптар тұрақты консультацияларды жалғастырып, екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша практикалық әріптестікті одан әрі кеңейтуге дайын екендерін білдірді.