Қазақстан-Германия су стратегиялық әріптестігі: тәжірибелік шешімдердің жаңа кезеңі

Қазақстан-Германия су стратегиялық әріптестігі: тәжірибелік шешімдердің жаңа кезеңі

Берлин, 2025 жылғы 11 қараша – Қазақстанның Германиядағы Елшілігінде «Қазақстан-Германия: су саласындағы стратегиялық әріптестік – жаңа деңгей» тақырыбына дөңгелек үстел өтті. Іс-шара German Water Partnership қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырылды. Кездесуге екі елдің мемлекеттік органдарының, ғылыми институттарының және іскер топтарының өкілдері қатысты.

Елші Нұрлан Онжанов Қазақстан мен Германияны тұрақты даму, жасыл технологиялар және су ресурстарын басқару салаларындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің серіктестігі жүйелі шешімдерге, бірлескен жобалар мен технологиялық алмасуға негізделген жаңа деңгейге көтерілуде.

Елші Германия Федералдық Үкіметіне, Сыртқы істер министрлігіне және GIZ ұйымына Green Central Asia бастамасы және аймақтағы климаттық жобаларды қолдағаны үшін алғысын білдірді. Аталған бастама аясында қабылданған Климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі өңірлік стратегия одан әрі ынтымақтастыққа берік негіз болды.

German Water Partnership басқарушы директоры Борис Грейфенедер ашық диалогты жоғары бағалап, су ресурстары, тұрақты даму және климаттық бейімделу саласындағы тәжірибелік шешімдер бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайындығын білдірді. Су қауымдастығы тұрақты дамудың ортақ мақсаттарына қол жеткізу үшін тәжірибені, технологияларды және инновацияларды біріктіре отырып, елдер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан су секторының реформаларына жоғары баға берілді. Олардың қатарында жаңа Су кодексінің қабылдануы,
Ұлттық гидрогеологиялық қызметтің қайта құрылуы, Цифрлық су кадастрының іске қосылуы, Ұлттық су ресурстары ақпараттық жүйесінің құрылуы, сондай-ақ су қоймалары мен кәріз және ирригациялық жүйелерді жаңғырту жоспарлары бар.

Панельдік пікірталастар барысында су ресурстарын басқару, тұрақты даму және коммуналдық шаруашылық салаларындағы ынтымақтастықтың болашағы, сондай-ақ ҚР тарапы ұсынған Қазақстан-Германия инновациялық су хабын құру бастамасы талқыланды. Хаб технологиялармен алмасу, сандық шешімдерді енгізу және пилоттық жобаларды дамыту алаңына айналмақ.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша тараптар екі ел арасындағы стратегиялық су әріптестігін нығайтуға бейілділіктерін растады және инновациялық су хабын құру, сондай-ақ су менеджменті, тұрақты даму және коммуналдық шаруашылық салаларындағы бірлескен бастамалар мен пилоттық жобаларды ілгерілету жөнінде уағдаласты.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Германия арасындағы су әріптестігі жай ғана тәжірибе алмасу емес, бұл тұрақты даму, экономикалық өсу және болашақтағы қауіпсіздік үшін судың шешуші маңызын ортақ түсінуге негізделген стратегиялық таңдау.

German Water Partnership су ресурстары саласындағы 350-ден астам компанияларды, сауда бірлестіктерін, бизнесті, ғылымды және зерттеулерді ұсынатын мекемелерді біріктіреді. Ұйым күшті халықаралық фокусы бар Германияның су секторындағы жетекші желісі болып табылады.